Салық қарызы 86 мың теңгеден асса, банк шоты бұғатталады

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Қанша қарызы бар адамның шоты бұғатталады / Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

2026 жылдың қаңтарынан Қазақстанда салық берешегі 20 АЕК-тен (86 500 теңге) асқан азаматтардың банк шоттары бұғаттала бастаған. Ал қарыз 45 АЕК-тен (194 625 теңге) асса, мүлікті өндіріп алу мен сот арқылы банкрот деп тану шаралары қолданылуы мүмкін.

Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті Аудит департаментінің өкілі Қайсар Арын мәлімдеді.

Жаңа тәртіпке сәйкес, егер азаматтың салық берешегі 20 АЕК-ке жетпесе, оған тек хабарлама жіберіліп, өсімпұл есептеледі. Бұл жағдайда банктік шоттар бұғатталмайды және қатаң шаралар қолданылмайды.

Ал берешек 20 АЕК-тен асқан кезде, салық органынан ресми ескерту жіберіледі. Белгіленген мерзімде қарыз өтелмесе, азаматтың банк шоттары мен кассалық операциялары уақытша тоқтатылады.

Егер қарыз 45 АЕК-тен асып кетсе, салық органдары қосымша өндіріп алу тетіктерін іске қосады. Атап айтқанда, борышкердің дебиторларынан қаражат өндіріп алу, мүлкін түгендеп, сату, бағалы қағаздарын тәркілеу мүмкіндігі қарастырылған. Қарыз өтелмеген жағдайда, азамат сот арқылы банкрот деп танылуы мүмкін.

Биыл салық берешегін өндіріп алу сомасының шегі көтерілді. Бұған дейін салық берешегі шамамен 26 мың теңгеден (6 АЕК) бастап өндірілсе, әлеуметтік аударымдар бойынша нақты шек болмаған.

Сондай-ақ оқыңыз