
Ұлытау облысында 4,8 млрд теңгеге марганец кенін заңсыз өндірген қылмыстық схема әшкереленді. Пайдалы қазбаны заңсыз сатқан азамат сот үкімімен бас бостандығынан айырылды.
Облыс прокуратурасының мәліметінше, Қостанай облысының 50 жастағы тұрғыны 2020–2023 жылдар аралығында «Шығыс Қаражал» кен орнында жер қойнауын пайдалануға лицензиясы мен келісімшарты болмаса да, кен өндірген.
Ол өндірілген кенді сату үшін жалған мәмілелер жасап, табысты қолма-қол ақшаға айналдырған.
Үш жылда 16 мың тоннадан астам кен жөнелтіліп, мемлекетке 1,3 млрд теңгеден астам залал келтірілген. Сотталған азамат заңсыз қызмет және кенді ел ішінде әрі шетелге сату арқылы 3,5 млрд теңгеден астам пайда тапқан.
Ұлытау облысы сотының үкімімен кінәлі адам 5 жыл 4 айға бас бостандығынан айырылып, жер қойнауын пайдалану саласында 5 жыл бойы қызмет атқару құқығынан айырылды.
Мемлекет кірісіне 4,8 млрд теңге өндіріліп, сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған қаржыға сатып алынған 3 жеңіл және 2 жүк автокөлігі тәркіленген.
Бұған дейін Қарағанды облысында да пайдалы қазбаны заңсыз өндіргендердің қылмысы әшкереленген.