Жаңалықтар

Үкімет Ұлттық қордан қаржы алуын екі есе азайтты

Фото: shutterstock

Үкімет биыл Ұлттық қордан бюджет үшін қаржы алуын азайтты. Мәселен, 2025 жылдың қаңтарында ел қазынасын толтыру үшін бюджеттен 550 млрд теңге шығарылса, биыл бұл көрсеткіш екі есе зайып, 230 млрд теңгені құраған. Қаңтар айында қордан тек кепілдендірілген трансферт бөлінген.

2026 жылғы қаңтарда Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына 323,2 млрд теңге көлемінде қаржы түсті. Осы түсімдерді ескере отырып, 1 ақпанға Ұлттық қордағы жалпы қаражат көлемі 39,7 трлн теңгеден асты.

Ақпан айындағы түсімдердің негізгі бөлігі мұнай секторы есебінен қалыптасты.

Қорға мұнай компанияларынан қанша қаржы түсті

Атап айтқанда, мұнай секторы ұйымдарынан алынған тікелей салықтар көлемі 323,0 млрд теңгеге жетті. Оның ішінде 183,0 млрд теңге корпоративтік табыс салығына, 131,9 млрд теңге пайдалы қазбаларды өндіру салығына тиесілі.

Сонымен қатар экспортқа рента салығынан 372,4 млн теңге, өнімді бөлу туралы келісімшарттар бойынша Қазақстан Республикасының үлесінен 7,7 млрд теңге түсті.

Мұнай секторы ұйымдарының операцияларынан түскен өзге де түсімдер 176,9 млн теңгені құрады. Бұл қаражат айыппұл, өсімпұл, санкция, залалды өтеу талаптары және басқа да салықтық емес төлемдер есебінен қалыптасты.

230 млрд теңге алынды

Есепті кезеңде Ұлттық қордан 230 млрд теңге пайдаланылды. Бұл қаражат республикалық бюджетке бағытталған кепілдік берілген трансферттер түрінде бөлінді. Нысаналы трансферт мен Қорды басқаруға байланысты шығын жоқ.

Осылайша, 2026 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық қорындағы қаражат көлемі 39 трлн 736,9 млрд теңгені құрады.

Биыл ел үкіметі Ұлтты қордан тек 2,7 трлн теңге алуға ниетті.