
Депутат Бақытжан Базарбек жаңа Конституция жобасы жөнінде Мәжілісте сөз сөйледі. Ол «жер сатылғалы жатыр» деген қауесетті жоққа шығарды.
Базарбектің айтуынша, жердің сатылмайтыны, жердің асты мен үстіндегі байлығы Қазақстан халқының игілігі екені жазылған.
«Осы жағдайда «жер сатылғалы жатыр» деген әңгіме таратып отырғандарды түсінбеймін. Олар – не құқықтық сауаты жоқ адамдар немесе әдейі манипуляция жасап отырған адамдар. Бұл кімге пайдалы болды – үлкен сұрақ», – деді Базарбек.
Депутат құзырлы органдар жалған ақпарат таратқандарды назарға алар деп үміт білдірді. Базарбек жер заңнамасы бұзылса, «Жер аманаты» ұйымы прокурорлармен бірге әрекет ететінін мәлімдеді.
«Құрметті азаматтар, қоғамдағы фейк ақпараттың таралуы – нағыз ақпараттық шабуыл. Ешқандай ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер шетел азаматтарына берілмейді. Сондықтан жер саласындағы заңгер ретінде өз ұстанымымды айтып отырмын», – деді ол.
Айта кетейік, Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар Жаңа Конституция жобасын талқылап жатыр.