Қатерлі ісікке шалдыққан әйелдерге бала көтеруге бола ма – маман жауабы

Жарияланды 4 Ақпан 2026 16:18

Айгерім Таубай

Айгерім Таубай

General News бөлімінің тілшісі a.taubay@kursiv.media
Әйел отадан кейін дәрігер бақылауында болуға тиіс/фото: shutterstock

Қазақстанда жыл сайын екі мыңға жуық әйелден жатыр мойны ісігі табылады. Мұны KursivMedia тілшісі сұхбаттасқан Ұлттық онкология орталығының онкогинеколог дәрігері Ақмарал Мұхтарқызы айтты.

Жиі кездесетін ісік

Маманның сөзінше, әйелдің жыныс мүшесі сыртқы және ішкі болып бөлінеді. Жыныс мүшесінің бәрінде қатерлі ісік кездесуі мүмкін. Ішінде ең жиі кездесетіні – жатыр мойны ісігі. Одан кейінгі орында жатыр денесі ісігі мен аналық без ісігі тұр.

«Жатыр мойны ісігі бастапқы сатыда скрининг барысында жиі анықталады. Ал аналық без ісігін ерте анықтау қиын. Себебі оның алдын ала белгілері болмайды, бастапқы сатыда ештеңе сезілмейді. Тек арнайы тексеруден өту қажет. Вульва мен қынап ісігі салыстырмалы түрде сирек кездеседі. Дей тұрғанмен статистика ісіктің бұл түрінің де жылдан жылға көбейіп келе жатқанын көрсетіп отыр», – дейді онкогинеколог.

Онкогинеколог Ақмарал Мұхтарқызы/фото: Серикжан Ковланбаев

Жыныстық қатынас және онкология

Әйелдердегі онкологиялық ауру жыныстық қатынасқа түскеннен кейін пайда болады деген пікір бар. Дәрігердің сөзінше, жыныстық қатынасқа түспеген қыздарда да әйел жыныс мүшелерінің ісігі кездеседі.

«Жасөспірім қыздарда да аналық без ісігі кездеседі. Ал жатыр мойны ісігінің басты себебі – адам папиллома вирусы. Ол жыныстық қатынас арқылы жұғады. Яғни, жыныстық қатынасқа түспеген қыздарда кездеспейді. Жатыр денесінің қатерлі ісігі (эндометрий ісігі) де көп жағдайда жыныстық қатынастан кейін пайда болады», – дейді Ақмарал Мұхтарқызы.

Сондай-ақ гинекологиядағы қатерлі ісіктің кей түрі гормондар бұзылысынан да пайда болады.

Бала көтеруге рұқсат беріледі

Онкологиялық ауруға шалдыққан әйелге бала көтеруге рұқсат беріледі. Алайда ісіктің қай сатыда анықталғаны мен науқастың жасына назар аударылады.

«Қатерлі ісікке шалдыққан науқастар ем алғаннан кейін бала көтеріп, сәбилі бола алады. Ауру ерте кезеңде анықталса, отадан кейін белгілі бір уақыт бақылауда болады. Сол кезеңнен өткен соң бала көтеруге рұқсат береміз. Орта есеппен екі жыл қажет», – дейді маман.

Жүкті әйелден онкология анықталса, кей жағдайда баланы алдырып тастау қажет.

«Жүкті әйелде жатыр мойны ісігі ерте сатыда анықталса, жүктілікті жалғастыруға рұқсат береміз. Бұл ретте жүктілік мерзімі 12 аптадан асуға тиіс. Егер ісік 3 не 4 сатыда анықталса, 24 аптаға дейін жүктілікті үзу қажет», – дейді ол.

Жатыр денесі ісігі жүктілік кезінде анықталмайды. Ал аналық без ісігі анықталса, іштегі сәбидің қанша апталық екеніне назар аударылады.

«Аналық без ісігі анықталса, жүктілік мерзіміне қараймыз. Баланың бойға біткеніне көп уақыт болмаса, алдымен жүктілікті үзіп, аналық без ісігін емдейміз. Үлкен мерзімде болса, 34 аптаға жақындағанда босандырып, отаны да сол кезде қатар жасаймыз», – дейді онкогинеколог.

Айта кету керек, әйел жүкті кезде ешқандай ем-дом жүргізілмейді. Сол себепті дені сау сәбиді дүниеге әкелу мүмкіндігі жоғары.

Бұған дейін KursivMedia Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың онкоурологы Шалқарбек Мұғалбековпен сұхбаттасты. Маман әңгіме барысында ер адамда тестостерон түсетін жағдай және мұсылмандарда сирек кездесетін урологиялық онкология түрлеріне тоқталды.

Сондай-ақ оқыңыз