
Моңғолиядан арзан жылқы еті импортының артуы Қазақстанда шұжық бағасының арзандауына әсер етіп отыр. Бұл туралы Сауда және интеграция вице-министрі Жанель Кушукова мәлімдеді.
Вице-министрдің айтуынша, қазақстандық кәсіпорындар шұжық өндіру үшін Моңғолиядан мұздатылған блок түріндегі жылқы етін сатып алады. Бұл дайын өнімнің өзіндік құнын төмендетуге мүмкіндік береді.
«Олар жылқы етін неге сол елден сатып алады? Себебі ол жақта арзан. Соған сәйкес, шұжықтың да бағасы төмендейді. Тұтынушы ретінде бұл біз үшін тиімді, өйткені бағаға тікелей әсер етеді. Әрине, бұл мәселені отандық жылқы еті өндірушілерінің мүддесі тұрғысынан да қарастыру қажет. Дегенмен елімізде өндірілетін жылқы еті негізінен ішкі нарықта тұтынылады. Сонымен қатар экспортқа қатысты ауқымды жоспарларымыз бар. Сондықтан импорттың белгілі бір көлемі сақталуы тиіс», – дейді вице-министр.
Вице-министр елде жыл сайын 180 мың тоннаға жуық жылқы еті өндірілетінін атап өтті. Сөзінше, қазіргі импорт көлемі ішкі нарыққа кері әсер етіп отырған жоқ.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстандағы жылқы етінің 60 пайызы Моңғолиядан келетінін жазған едік.