Жаңалықтар

Тоқаев келешекте вице-президент бола ала ма: депутат жауап берді

Айдос Сарым құқықтық біліміне сүйеніп жауап берді/фото: Асқар Ахметуллин

Мәжіліс депутаты Айдос Сарым Конституция жобасындағы президенттік мерзімге қатысты сұраққа жауап берді.

Депутаттың айтуынша, заң жобасында президенттің 7 жылға бір рет қана сайлана алатыны анық көрсетілген.

«(Ұсынылған жобаға сәйкес) Қазіргі президент қайта сайлауға түсе алмайды деп ойлаймын. Қолымда Конституциялық соттың бұған қатысты шешімі жоқ. Сондықтан өзімнің құқықтық, саясаттану саласындағы біліміме сүйеніп жауап беріп жатырмын. Конституцияда бір адам 7 жылға сайлана алады деп анық жазылған. Президентімізді билікке бар күшімен жабысып, оны бергісі келмейтін адам деп санамаймын», – деді Сарым.

БАҚ өкілдері депутаттан «қазіргі президент келешекте вице-президент бола ала ма» деп сұрады.

«Теориялық жағынан бола алады. Бұл президент лауазымы емес қой», – деді Сарым.

Ал депутат Ермұрат Бапи Конституция жобасында президентке қатысты өзгеріс жоқ екенін айтты.

«Қолданыстағы Ата Заңдағы бір адамның жеті жылға сайланатыны туралы норма өзгеріссіз қалады деп ойлаймын. Қазір толқып тұрған әлемде билік бір орталыққа бағынған болуы керек. Шешім шығару үшін парламенттік талқылау өткізіп, ырың-жырыңға салып жүретін уақыт жоқ. Шешім бір жерден және нақты қабылдануы керек», – дейді Бапи.

Айта кетейік, қолданыстағы Конституция преамбула, 9 бөлім, 101 баптан тұрады. Ал ұсынылып отырған нұсқада преамбула, 11 бөлім, 95 бап бар. Заң жобасының мәтінін мына жерден оқи аласыздар.