ҰБТ-ға дайындық әлсіз – депутат мұғалімдердің білімін сынға алды

Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов мектептердегі дайындық деңгейінің төмендігі салдарынан ата-аналар репетитор жалдауға мәжбүр екенін айтты. Бұл туралы ол премьер-министрдің атына жолдаған депутаттық сауалында мәлімдеді.
Депутат келтірген дерекке қарасақ, 2025 жылғы негізгі ҰБТ-ға қатысқан 210 мың түлектің тек 76 пайызы ғана шекті балл жинай алған. Орташа көрсеткіш – 69 балл. Ал әр төртінші түлек ең төменгі межеден аса алмаған.
«Бұл көрсеткіштер түлектерді даярлауда, жалпы мектептердегі білім сапасында терең мәселелер бар екенін көрсетеді», – деді ол.
«Ақылы орталық іздеуге мәжбүр»
Депутат бұл жағдай ата-ананы амалсыздан репетитор жалдап, ақылы орталықтар іздеуге итермелейтінін айтады. Ол мұны білімге тең қолжетімділік қағидатына тікелей қайшы деп бағалайды. Себебі бір сыныпта отырған балалардың мүмкіндігі бірдей емес. Бірі қосымша сабақ алады, бірі ала алмайды. Ал айырмашылық ҰБТ нәтижесінде айқын көрінеді.
Осыған байланысты депутат үкіметке ҰБТ-ға дайындықты мектеп деңгейінде күшейту, мемлекеттік онлайн-портал іске қосу және тестілеу нәтижелерін жүйелі түрде талдап отыруды ұсынды.