
Air Astana әуе компаниясы жолаушылар сапар алдында білуі керек «маңызды ақпарат» жариялады. Солардың бірі ұшақ дәретханасын пайдалану тәртібіне қатысты.
«Жөргектер немесе басқа да гигиена құралдарын, қоқысты ұшақтағы дәретханаға тастамауыңызды сұраймыз. Бұдан жүйеге зақым келеді. Өкінішке қарай, бортта дәретхана істемей қалса, әуекомпаниялар жолаушылар мен экипаж мүшелерінің жағдайын ойлап ұшақты әуежайға қайтарамыз деп шешуі мүмкін», – деп ескертті компания.
Кейінгі екі айда Air Astana-ның халықаралық рейстер орындайтын ұшақтарында дәретхана қайта-қайта бұзылды.
Атап айтқанда, 2025 жылғы 26 желтоқсанда Фукуок – Алматы рейсіндегі ұшақ әуежайға қайта оралуға мәжбүр болды. Ал 2026 жылғы 8 қаңтарда Сеул – Астана бағытымен ұшқан ұшақ жарты жолда Бейжің әуежайына қонды.
Екеуінде де дәретханалардың бәрі істен шыққан. Air Astana рейстер кешіккені үшін кешірім сұрауға мәжбүр болған.
2025 жылы ұшақ моторындағы ақау салдарынан Air Astana 25,5 млн доллар жоғалтты. Былтыр қазанда компания басшысы Питер Фостердің қызметтен кететіні мәлім болды. Оның орнына биыл көктемде түрік азаматы Ибрагим Жанлыел келеді.