
2025 жылы Қазақстанның банк секторында тұтынушылық несие беру қарқыны саябырлады. Ақшаның қымбаттауы, қатаң реттеуші талаптар мен салық жүктемесінің өсуі бөлшек несие нарығына тікелей әсер етіп, банктерді тәуекелге бармай, сақ қимылдауға мәжбүрледі.
Қазақстан Қаржыгерлер қауымдастығының шолуына сәйкес, жаңа берілген несиелердің жалпы өсімі 2024 жылғы 20,1%-дан 2025 жылы 13,4%-ға дейін баяулады, ал тұтынушылық сегменттегі өсім одан да төмендеді.
Жоғары пайыздық мөлшерлеме халықтың қарыз алу мүмкіндігін шектесе, банктер тарапынан скоринг талаптарының қатаңдауы мен реттеуші шектеулері ұсынысты қосымша тежеді.
Соған қарамастан, халыққа берілген несиелер портфелі өсімін сақтап қалғанымен, бұрынғы жылдармен салыстырғанда қарқыны баяулаған 2025 жылдың қорытындысы бойынша тұтынушыларға арналған кредиттік портфельдің өсімі 23,9%-дан 19,8%-ға дейін төмендеді.
Бұл банктердің бөлшек нарықтан толық бас тартпағанын, бірақ тәуекелі жоғары қарыз алушылардан саналы түрде шектелгенін көрсетеді.
Банктердің консервативті кредиттік саясаты портфель сапасына оң әсер етті. 2025 жылдың соңында проблемалық несиелердің (NPL) деңгейі 3,6% көлемінде сақталды.
Бұл көрсеткіш проблемалық берешекті сатуға қойылған шектеу мен қарыз қоржынының өскеніне қарамастан тұрақты деңгейде қалды.
Жаңа берілген несиелердің сапасы жоғары болғандықтан, резерв қалыптастыру қарқыны да баяулады: 2025 жылы провизиялар ₸61 млрд-қа артты, ал бір жыл бұрын бұл көрсеткіш ₸172 млрд болған.
2025 жылдың басында халық екінші деңгейлі банктерден 13,7 трлн теңге тұтынушылық несие алса, 2026 жылдың басында бұл қарыз 16,7 трлн теңгеге жеткен.