Жаңа салық кодексі: дәрі-дәрмекке қосымша құн салығы қалай қосылады

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Фото: shutterstock

Денсаулық сақтау министрлігі жаңа Салық кодексі бойынша дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарға қосылған құн салығының (ҚҚС) қалай қолданылатынын түсіндірді.

«Үкіметтің қаулысына сәйкес, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) шеңберінде ұсынылатын медициналық қызметтер мен дәрілік препараттардың қосылған құн салығын төлеуден босату көзделген», – делінген хабарламада.

ҚҚС-тан босатылған дәрілердің тізімінде 3 мыңнан астам атау бар. Оның ішінде 1200-ден астамы сирек кездесетін және әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеуге арналған. Бұл дәрілерге өндіруден бастап дүкен сөресіне дейінгі барлық кезеңде салық салынбайды.

Сондай-ақ сирек және әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу, тексеру, алдын алу және оңалтуға қатысты медициналық қызметтер де ҚҚС-тан босатылған.

Бұдан бөлек, ТМККК мен МӘМС арқылы қолданылатын дәрілерді өндіруге қажет шетелден әкелінетін фармацевтикалық шикізатқа да ҚҚС төленбейді.

Сондай-ақ оқыңыз