
Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек жерді бөлу кезінде жемқорлықтың негізгі себебі, әкімдіктерде шешімді адамдардың өзі қабылдауында екенін айтты. Бірақ ол әкімдерді бірден шешім қабылдау құқығынан айыру қажет деп санамайды. Оның пікірінше, жерге қатысты барлық процесті толықтай цифрлық жүйеге көшіру жеткілікті. Егер өтініш беру мен шешім қабылдау автоматтандырылса, жемқорлық өздігінен жойылады.
Сыбайлас жемқорлық
«Жер учаскелерін беру мен алып қою процесін толық цифрландырмайынша, біз сыбайлас жемқорлықты мүлде жеңе алмаймыз. Бұл – Президенттің цифрландыру мен жасанды интеллект жөніндегі бастамалары аясында жүзеге асуы тиіс мәселе», – деді депутат.
Ол жасанды интеллектіні (ЖИ) бірнеше бағытта пайдалануды ұсынды. Мәселен, нейрожелі әрбір ауылға қанша жайылым қажет екенін өзі есептей алады, яғни мал басы туралы деректерді, халық санағы бойынша тұрғындар санын және бұрын қайтарылған жерлерді ескереді.
Депутаттың пікірінше, ең бастысы қағаз құжаттардан толық бас тартып, өтінім беруден бастап, жер телімін беру туралы шешім қабылдауға дейінгі кезеңді цифрландыру қажет. Шешімді әкім немесе оның қарамағындағы қызметкер емес, цифрлық платформа қабылдауы тиіс.
Әкімдіктер жеке шешім қабылдай алмайды
Депутат бұрыннан бар Бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастры жүйесін еске салып өтті. Бастапқыда бұл жүйе әрбір азамат өз жылжымайтын мүлкін дербес басқара алатын бірыңғай платформа болуы керек еді. Онда жер телімін бөлуге өтініш беру, нысаналы мақсатын өзгерту, электронды аукциондар мен конкурстарға қатысу мүмкіндігін қамтамасыз етуі тиіс болатын. Алайда деректердің сәйкес келмеуі, ақпараттың сенімсіздігі және жабық мәліметтердің болуы салдарынан жүйе толыққанды жұмыс істемей қалды.
«Енді біз бұл жүйені түбегейлі іске қосуымыз керек. Бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастры шын мәнінде бірыңғай матрицаға айналуы тиіс. Соның аясында шешімді цифрлық платформа қабылдайтын жүйені іске қосу қажет. Мұнда жасанды интеллект керек. Шешімді жасанды интеллекттің өзі анықтайды», – деп түйіндеді ол.
Сонда әкімдер жүйе қабылдаған дайын қаулыны тек визалайтын болады.
Айта кетейік, Қазақстанда Жер комиссиясы жұмысын тоқтатады. Жер учаскелерін беру үдерістері толық цифрландырылған. Сондықтан осы шешім қабылданып отыр.