Жаңалықтар

2025 жылы брокерлер мен диллерлердің табысы қысқарған

Брокерлердің табысы қысқарған / Фото: shutterstock

2025 жылы брокерлер мен дилерлер, сондай-ақ инвестициялық портфельді басқарушы компаниялардың бөлінбеген пайдасы 161,6 млрд теңгені құрады. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда төмен. Ол кезде пайда көлемі 177,4 млрд теңге болған.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің дерегіне сәйкес, акциялар нарығының капиталы бір жылда айтарлықтай өсіп 18,7%-ға артты. Нәтижесінде оның жалпы көлемі 39,0 трлн теңгеге жетті. Тек желтоқсан айының өзінде өсім 1,7%-ды құраған.

Қазір бағалы қағаздар нарығында 42 брокер мен дилер, 11 кастодиан-банк, 21 инвестициялық портфельді басқарушы, 4 трансфер-агент және үш инфрақұрылымдық ұйым жұмыс істейді. Олардың қатарында KASE, KASE Клирингтік орталығы және Бағалы қағаздардың орталық депозитарийі бар.

Қор биржасында қандай команиялардың акциясы саудаланады

2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстан қор биржасының (KASE) сауда тізімінде 74 қазақстандық эмитенттің 87 түрлі акциясы орналасты. Оның ішінде екі эмитенттің акциялары «Листингтік емес бағалы қағаздар» секторында айналымға жіберілген.

2025 жылдың қорытындысы бойынша KASE индексі 26,1%-ға өсіп, 7 031,3 тармаққа жетті. Желтоқсан айында индекс 3,1%-ға көтерілді. Акциялармен сауда-саттық көлемі де артты: 2024 жылмен салыстырғанда 14,7%-ға көбейіп, 342,1 млрд теңгені құрады. Ал желтоқсандағы сауда көлемі 22,0 млрд теңге болды.

Бұған дейін Kursiv.Media инвестицияны жаңа бастағандарға брокерді дұрыс таңдау жөнінде нұсқаулық жазған. Қазақстандағы ТОП- 5 брокер жайында мына мақаладан оқи аласыздар.