Жаңалықтар

53 жастан зейнетке шығу үшін қанша ақша жинау керек

Аннуитетпен зейнетке шығу үшін қанша жарна жинау керек / Фото: shutterstock

Зейнетақы қорында жеткілікті жинағы бар азаматтар аннуитет шартын жасап, ерте зейнетке шыға алады.

Мәселен, ерлер 55 жастан, әйелдер 53 жастан бастап төлем алуға құқылы. Ал кемінде бес жыл міндетті кәсіби жарна төленген азаматтар төлемдерді 50 жастан бастай алады.

2026 жылы зейнетақы аннуитеті шартын жасасу үшін қажетті жинақ көлемі белгілі болды. Ол үшін ер азаматтарға – 10 715 001 теңге, ал әйелдерге – 14 039 988 теңге жинау қажет.

Міндетті кәсіби жарналары бар азаматтар үшін бұл көрсеткіш төменірек: ерлерге – 8 713 438 теңге, әйелдерге – 11 667 514 теңге.

Қазақстандықтарға қанша аннуитеттік төлем төленді

«Мемлекеттік аннуитеттік компания» өмірді сақтандыру компаниясы» АҚ-ның мәліметінше, 2025 жылы 35 мыңнан астам қазақстандыққа төленген сақтандыру төлемдерінің жалпы көлемі 2,7 млрд теңгеден асты.

Айта кетейік, 2004 жылы Үкімет бастамасымен құрылған компанияға зейнетақы аннуитеттерін енгізу міндеті жүктелген болатын.

Сақтандырылған қызметкерлер үшін әлеуметтік тәуекелдер туындаған жағдайда компания бірнеше төлем түрін қарастырады.

Олардың қатарында денсаулыққа келтірілген зиянды өтеу, өндірістегі жазатайым оқиғалар салдарынан еңбекке қабілеттілігін жоғалтқандарға аннуитеттік төлем, асыраушысынан айырылғандарға берілетін төлем, зейнеталды аннуитеттер, сондай-ақ қайтыс болған қызметкердің жерлеу шығындарын өтеу бар.

Бұған дейін Kursiv.Media зейнетақы жинағын жеке компаниялардың басқаруына берген қаншалықты тиімді екенін жазған.