Алимент төлемеген такси жүргізушілерін Yandex Qazaqstan ұстап береді

Енді алимент төлемей жүрген такси жүргізушілерін анықтауға Yandex Qazaqstan көмектеседі. Алматы қаласы прокуратурасы мен компания арасында балалардың құқықтарын қорғауға арналған осындай меморандум жасалды.
Қала прокуратурасының дерегінше, алимент төлемей жүргендердің арасында ресми түрде жұмыссыз жүргенімен, Яндекс Такси сияқты сандық платформалар арқылы табыс тауып жүргендер бар.
2025 жылы сондай 110 факті анықталды, 57 адамға әкімшілік ықпал ету шаралары қолданылды. 10 іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
«Келісім, жүйелі және заңды ақпараттық өзара іс-қимылды, жедел мәлімет алмасуды, сондай-ақ кірістерді жасыру және алименттік берешектің пайда болу фактілерін анықтауға және жолын кесуге жәрдемдесуді көздейді. Аталған меморандум балалар құқықтарын қорғауға және мемлекет пен әлеуметтік жауапты бизнестің өзара іс-қимылы негізінде алименттік міндеттемелерді орындаудың бұлтартпастығын қамтамасыз етуге бағытталған», – деп хабарлайды ведомстводан.
Елде алименттен жалтарып жүргендер көбейіп бара жатыр. Бір ғана Шымкентте 14 мыңға жуық адам алимент төлеуден жалтарып жүр. Ал алиментке зәру балалар саны 22 мыңнан асады.