Lifestyle

Алматыда Димаш Құдайбергеннің жеке аспаптар коллекциясына арналған көрме өтеді

фото: almatymuseums.kz

Алматы қаласында әлемге танымал әнші Димаш Құдайбергеннің жеке коллекциясындағы музыкалық аспаптарға арналған ерекше көрме өтеді.

18 ақпан күні сағат 15:00-де алматылықтар мен қала қонақтары Қазақстан Республикасының және Қырғыз Республикасының Халық әртісі, әлемдік деңгейдегі өнер жұлдызы Димаш Құдайбергеннің жеке коллекциясы негізінде ұйымдастырылған «ДИМАШ: БІР ДАУЫС – МЫҢ ЕЛ» атты жылжымалы көрмені тамашалай алады.

Көрме барысында келушілерге әншінің жеке қорынан алынған 70-тен астам бірегей музыкалық аспап, сондай-ақ оның сахналық костюмдері мен сирек жәдігерлері ұсынылады. Бұл көрме Димаштың шығармашылық жолы мен әлемдік сахнадағы жетістіктерін жақынырақ тануға мүмкіндік береді.

Іс-шара Алматы қаласындағы Ықылас Дүкенұлы атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде өтеді. Бұл музей 1981 жылы ашылған және республикадағы тек музыкалық аспаптарға арналған алғашқы музей. Сонымен қатар, музей ғимараты республикалық маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштер қатарына енген.

Еске сала кетейік, 5 ақпанда қытайлық Hunan TV телеарнасында Димаш Құдайбергеннің продюсерлігімен жүзеге асқан Voice Beyond Horizon атты халықаралық музыкалық жобаның тұсаукесері өтеді.