Апат көбейді: Астана–Павлодар автожолында көліктердің жылдамдығы шектеледі

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Фото: shutterstock

9 ақпаннан бастап Астана – Павлодар автожолында көлік қозғалысының жылдамдығы шектеледі. Ең жоғары жылдамдық 140 км/сағаттан 110 км/сағатқа дейін төмендетіледі. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» хабарлады.

Аталған республикалық трассада қолайсыз ауа райы кезінде жол-көлік оқиғаларының саны артып кеткен. Қауіпсіздік шараларын күшейту мақсатында Ішкі істер министрлігі осындай шешім қабылдады. Бұл шектеу қыс мезгілі аяқталғанға дейін күшінде болады.

«Қабылданған шара жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға, апаттылық деңгейін төмендетуге, сондай-ақ көктайғақ, қар басу және көріну деңгейінің төмендеуі сияқты қолайсыз метеорологиялық факторлардан туындайтын тәуекелдерді азайтуға бағытталған», – делінген хабарламада.

Көктемгі-жазғы кезең басталғаннан кейін жолдың техникалық және климаттық жағдайына қарай, бұрын белгіленген жылдамдық режимін қалпына келтіру жоспарланып отыр.

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы жүргізушілерді белгіленген жылдамдық режимін, жол белгілерінің талаптарын және жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, сондай-ақ қыс мезгілінде жолда аса мұқият болуға шақырады.

Сондай-ақ оқыңыз