
Ата заң жобасы алғаш рет мемлекеттік тілде жазылды. Бұл туралы Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның отырысында мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин айтты.
«Қазір талқыланып жатқан Конституцияның жобасының қазақ тіліндегі нұсқасы аударма емес, о бастан мемлекеттік тіл тұрғысынан жазылған жоба. Екіұшты мәселе туындаған кезде ең алдымен қазақ тіліндегі нұсқа назарға алынып отыр. Ел тарихында тұңғыш рет Ата заңымыз басынан аяғына дейін мемлекеттік тілде әзірленді. Бұл қазақ тілінің заң тіліне айналып, аясы кеңейгенін көрсетеді», – деді Ерлан Қарин.
Айтуынша, қолданыстағы заңда «мемлекеттік гимн» деп жазылған. Ал Конституция жобасына «мемлекеттік Әнұран» деп енгізілген. «Сайлау тағайындайды» тіркесін «сайлау өткізу туралы шешім қабылданды» деп өзгерту ұсынылған.
Бұған дейін Бас прокурордың бірінші орынбасары Жандос Өмірәлиев Конституция жобасының орыс тіліндегі нұсқасында техникалық қате кеткенін айтты.