
5 ақпанда биткоин (BTC) шамамен 8%-ға арзандап, құны 70 мың доллардан төмен түсіп кетті. Соңғы рет мұндай төмен баға 2024 жылғы қазанда тіркелген.
BTC екі есе арзандады
Қазір, Астана уақытымен сағат 12:00-де, 1 BTC шамамен 70 684 доллардан саудаланып жатыр. Айта кетейік, 2025 жылғы қазанда Bitcoin бағасы 125 мың долларға дейін көтерілген. Шамамен сол уақытта криптовалюталар өрлеуі (ралли) аяқталып, содан кейінгі бірнеше айда құнын қатты жоғалтты. Биткоин үш айдың ішінде шамамен екі есеге арзандады.
Биткоинның нарықтағы құны – 1 трлн 412 млрд 596 млн доллар.
Bitcoin неге арзандап жатыр?
Қазір жалпы нарықты «risk-off» көңіл-күйі жайлады. Инвесторлар тәуекелге барғысы келмей, акция, крипто секілді тұрақсыз активтерден арылып жатыр.
Оның үстіне Tech пен AI салалары құлдырауға ұшырады. Бұған Nasdaq, сонымен бірге Microsoft, Alphabet, Qualcomm секілді ірі tech компаниялардың нашар есеп беруі де әсер етті. Соған байланысты AI инвестиция шарықтау шыңына жетті деген қауіп басым болып жатыр.
Осының бәрі криптовалюталардың, соның ішінде Биткоинның құнына кері әсер етіп отыр.