
Ерлі-зайыпты блогер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталды. Оларға қатысты тексеру заңсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысу және қылмыстық жолмен алынған ақша қаражатын заңдастыру фактілері бойынша жүргізілген.
Блогерлер қалай әрекет еткен
Қаржы мониторингі агенттігінің хабарлауынша, Instagram әлеуметтік желісінде 15 миллионнан астам жазылушысы бар ерлі-зайыпты өзіне тіркелгендердің сенімін заңсыз табыс табу мақсатында пайдаланған.
«2025 жылы онлайн-курс сату деген желеумен заңсыз схема ұйымдастырған. Ол «курстарды» сатып алғандар қымбат сыйлықтар ұтысына қатысатын болған. Таратылған видеоның басым бөлігі ашық дереккөздерден, соның ішінде YouTube платформасынан алынған. Бұл курстардың нақты білім беру құндылығы болмаған және олар заңсыз лотерея қызметін формалды түрде жасыру үшін ғана пайдаланылған», – делінген ақпаратта.
Жүлде қоры жеке қаражаты есебінен емес, онлайн-курстарға ақы төлеп қатысқандардың ақшасы есебінен қалыптастырылған.
Тергеу барысында электронды «сәттілік барабаны» параметрлерін өзгерту фактілері анықталған. Нәтижесінде 5 000 теңгелік жүлдені ұтып алу ықтималдығы жасанды түрде арттырылып, ал құнды жүлделерді ұтып алу мүмкіндігі едәуір төмендетілген.
247,5 млн теңге түскен
«Күдіктілер жария түрде ең көп репост жасаған қатысушыға 11-автокөлікті табыстағаны туралы мәлімдеп, акцияның қамту аясын кеңейту мен назар аудару мақсатын көздеген. Алайда іс жүзінде жеңімпаз анықталмаған және сыйлық табысталмаған», – деп хабарлады агенттік.
Нәтижесінде азаматтардан «Zhana Business» ЖШС бақылауындағы шоттарға 247,5 млн теңге түскен, оның 60 млн теңгесі депозиттік шоттарға салынған.
Сот санкциясымен 17 iPhone ұялы телефонына және Lamborghini Urus пен Lexus LX 600 автокөліктерін қоса алғанда, 10 автокөлікке тыйым салынды. Күдіктілерге қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.
Қазір күдіктілер қылмыстық іс материалдарымен танысуға кірісті.
Блогерлер ісі
2025 жылдың 15 қыркүйегінде Астананың мамандандырылған ауданаралық соты Ерболат Жанабылов пен Эльмира Толегеноваға қатысты әкімшілік іс қаралды.
Сот заңсыз лотерея өткізу фактісі бойынша қозғалған әкімшілік істі тоқтатып, жаңа қаулы шығарды. Істе қылмыстық құқықбұзушылық белгілері бар болғандықтан, Экономикалық тергеу департаментіне жолданды.