Балаларды қолдау жүйесі іске қосылады: «Қазақстан балаларына» 1,3 трлн теңге бөлінеді

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
«Қазақстан балалары» жобасына 1,3 трлн теңге бөлінеді / Фото: shutterstock.com

«Қазақстан балалары» тұжырымдамасына үкімет алдағы бес жылда 1,3 трлн теңге бөледі.Аталмыш құжат балалардың негізгі құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған төрт басым бағытты қамтиды. Бұл туралы Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова мәлімдеді.

Олар: қауіпсіздік, білім, денсаулық және отбасы, әлеуметтік қорғау саласындағы құқықтар.

Құжаттың тиімділігін бағалау үшін 10 индикатор белгіленген, ал нақты 158 іс-шара жүзеге асады. Бес жылдық кезеңде 1,3 трлн теңге бөлінбек.

Сонымен қатар, 2027 жылдан бастап Қазақстанда «Бала жолы» атты цифрлық адрес­тік қолдау жүйесі іске қосылады. Бұл платформа ерте жастан кәмелетке толғанға дейінгі бүкіл қолдау шараларын бір жүйеге біріктіреді.

Онда білім беру, әлеуметтік қорғау, психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу және қауіпсіздік салаларындағы қызметтер жинақталады. Жүйе мамандарға баланың қажеттіліктерін толық көріп, тәуекелдерге жедел әрекет етуге мүмкіндік бермек.

Балаларды қолдау орталықтары ашылады

ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарованың айтуынша, мемлекеттік саясаттағы негізгі басымдықтардың бірі – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Халықаралық МІХ-2024 зерттеуінің нәтижесіне сәйкес, Қазақстанда балаларды тәрбиелеу барысында физикалық жазалау мен психологиялық қысым көрсету деңгейі 53%-дан 38%-ға дейін төмендеген.

Бұл көрсеткіш Еуропа және Орталық Азия елдері арасындағы ең төмен деңгейдің бірі саналады. Сонымен қатар балалардың 96%-ы өздерін психологиялық тұрғыдан жақсы сезінетінін айтқан.

Қазіргі уақытта елде 20 психологиялық қолдау орталығы жұмыс істейді. Барлық мектептерде қауіпсіздік сабақтары енгізіліп, «111» байланыс орталығы іске қосылған. Алдағы кезеңде «Қауіпсіздік» бағыты бойынша жұмыстар күшейтіліп, «Адал азамат» бағдарламасы аясында «Заң және тәртіп» қағидаты кеңейтіледі.

Бұл бастамалар балалар үшін қауіпсіз өмір сүру, оқу және даму ортасын қалыптастыруды көздейді. Тәрбие жұмысының идеологиялық негізі ретінде «Таза Қазақстан» акциясы алынған.

Мектептерде педагог-психолог сағаттарын енгізу, зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларға арналған 40 көмек кабинетін ашу, психологиялық диагностикаға арналған бірыңғай цифрлық платформаны іске қосу және ерекше қамқорлықты қажет ететін балаларға менторлық қолдау көрсету жоспарланып отыр.

«Қазақстан балалары» тұжырымдамасы аясында елдегі жасөспірімдер әлеуметтік желіні қолдануына байланысты жаңа заң қабылдануы мүмкін. 

Сондай-ақ оқыңыз