Қазақстандық миллионер Пәкістанмен бірлесіп 20 млн долларға зауыт салады

Кәсіпкер-миллионер Ерлан Баймұратовқа тиесілі KazFoodProducts компаниясы пәкістандық Almoiz Group-пен бірлесіп Жетісу облысында қант зауытын салуды жоспарлап отыр. Жобаға $20 млн көлемінде инвестиция тартылмақ. Бұл туралы Kazakh Invest президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Пәкістанға сапарының қорытындысы бойынша хабарлады.
Хабарламаға сәйкес, өнеркәсіп саласында Жетісу облысында қант өндіретін бірлескен кәсіпорын құру туралы келісім жасалған. Сонымен қатар Кusto Group пен QazTrade арасында $20 млн сомасына құрылыс материалдарын өндірісін дамыту жөнінде меморандумға қол қойылды.
KazFoodProducts – ірі агрохолдинг. Оның негізгі иесі Ерлан Баймұратов «Баян Сұлу» кондитерлік фабрикасы мен «АзияАгроФуд» компаниясындағы бақылаушы үлеске ие. Forbes нұсқасы бойынша, ол Қазақстанның ең бай 75 адамының тізімінде 68-орында тұр, байлығы $108 млн деп бағаланған.
Кәсіпкердің EMC Agro, Bioline KZ, BioOperations (биоэтанол, бидай клейковинасы, крахмал, ұн және мал азығын өндіретін зауыт) және Алматы облысындағы сүт өндіретін «ТастөбеАгроФуд» компанияларында да үлесі бар.
KazFoodProducts компаниясының ортақ иелері қатарында Samal Invest Group, OSV Capital, Ерлан Баймұратов, Әлия Балапановa және БТА Банктің бұрынғы басқарма төрағасы Ерік Балапанов көрсетілген.
Samal Invest Group-тың тең иелері ретінде OSV Capital, Айдархан Сәрсембаев, Тимур Садыков және Ерік Балапанов аталады. Ал OSV Capital құрылтайшылары – Ақбар Талғатбек пен Алдияр Талғатбек. Бұл өзара байланысты үш компанияның барлығы Алматы қаласының Медеу ауданында бір мекенжайда тіркелген.