Жаңалықтар

«Наурыз», «Алматы жастары», «Ұмай» бағдарламаларына құжат қабылдау қашан басталады

Мемлекетті бағдарламадарға құжат қабылдау қашан басталады / Фото: kursiv.media архиві

2026 жылы баспана алуды жоспарлап жүрген азаматтар бірнеше ипотекалық бағдарламаға қатыса алады. Krisha.kz порталы әр бағдарлама бойынша негізгі талаптар мен қашан құжат қабылдай бастайтынын жариялады.

«Наурыз» ипотекасы наурызда басталады

Бұл бағдарлама наурыз айынан іске қосылады. Оған соңғы бес жылда өз атында баспанасы болмаған азаматтар қатыса алады.

Үміткердің ресми табысы болуы, соңғы алты айдағы зейнетақы жарнасы және «Отбасы банкінде» кемінде 2 млн теңге жинағы болуы тиіс.

Бағдарлама шарттарына сәйкес, әлеуметтік санаттағы азаматтар үшін мөлшерлеме – 7%, ал қалғандары үшін – 9%. Бастапқы жарна таза әрлеудегі үйге 10%, қарапайым күйдегі пәтерге 20% болады.

Алматы мен Астанада несие сомасы 36 млн теңгеге дейін, ал басқа өңірлерде 30 млн теңгеге дейін беріледі. Несие мерзімі – 19 жылға дейін.

«Ұмай» ипотекасы

«Ұмай» бағдарламасы биыл қашан басталатыны белгісіз. Оған әйелдер отбасылық жағдайына немесе өз атында баспанасы бар-жоғына қарамастан қатыса алады. Негізгі талап – соңғы алты айда ресми табыстың болуы.

Бағдарламаның нақты шарттары әзірге жарияланбаған. Дегенмен, бұрынғы талаптар бойынша бастапқы мөлшерлеме 15% болып, кейін 5–3,5%-ға дейін төмендейтін.

Несие сомасы 50 млн теңгеге дейін, бастапқы жарна ірі қалаларда 20%-дан, өңірлерде 15%-дан басталады. Несие мерзімі 6 айдан 25 жылға дейін.

«Алматы жастары» арқылы жастар пәтер алады

35 жасқа дейінгі жастар «Алматы жастары» бағдарламасына қатыса алады. Құжат қабылдау уақыты әлі нақтыланбағанымен, негізгі шарттары белгілі.

Бағдарлама бойынша мөлшерлеме – 5%, бастапқы жарна – 10%, ал несие сомасы 20 млн теңгеге дейін беріледі. Бұл жоба тек Алматыда ғана емес, басқа өңірлерде де жүзеге асырылып келеді.

Әскери қызметкерлер арнаған «Наурыз Әскери»

Әскери қызметкерлер мен күш құрылымдардың қызметкерлері үшін «Наурыз Әскери» бағдарламасы ұсынылады. Оған тұрғын үй төлемдерін алатын Қорғаныс министрлігі, ҰҚК, ІІМ, ТЖМ, Мемлекеттік күзет қызметі және басқа да ведомстволардың қызметкерлері қатыса алады.

Егер бастапқы жарна 20%-ға дейін болса, Алматы мен Астанада 36 млн теңгеге дейін, ал өңірлерде 30 млн теңгеге дейінгі баспана алуға мүмкіндік бар.

Ал бастапқы жарна 20–50% аралығында болса, пәтер құны 80 млн теңгеге дейін жетуі мүмкін. Бастапқы мөлшерлеме – 9%, бірақ 8 жылдан кейін ол 5%-ға дейін төмендейді.