
Алатау қаласынан Алматы мен облыстың өзге қалаларына аэротакси қатынайды. Төрт жолаушыға арналған Joby Aviation S4 аппараттары сынақтан 2026 жылы өтеді. Бұл туралы Алматы облысы әкімдігі «Курсив» басылымының сауалына жауап ретінде хабарлады.
Әкімдік мәліметінше, Алатау қаласында әуе мобильділігі операторы ретінде жеке меншік Alatau Advance Air Group компаниясы белгіленген. Ол АҚШ, Оңтүстік Корея, Қытай және Италиядағы серіктестерімен бірге ұшу аппараттарын зерттеу және сынақтан өткізу жұмыстарын жүргізіп, Алатау қаласында сынақ инфрақұрылымын дайындап жатыр.
Қазақстандағы алғашқы әуе таксиін ұйымдастыру бойынша стратегиялық серіктес ретінде америкалық Joby Aviation компаниясы және оның S-4 моделі таңдалған.
Әкімдік өкілдері бұл компания тік ұшып-қонатын (eVTOL) аппараттар өндірісінде әлемдік жетекші өндірушілердің бірі екенін, АҚШ азаматтық авиация басқармасында (FAA) сертификаттаудың озық кезеңіне жеткенін және нақты ұшу тәжірибесі бар екенін атап өтті.
Алатауда әуе таксиі ретінде қолданылуы мүмкін аппараттың негізгі сипаттамалары: 4 жолаушы және бір пилот сыяды, энергия қорымен 160 шақырымға дейін ұша алады, жылдамдығы – сағатына 320 шақырымға дейін.
Аэротаксиға арналған арнайы алаң – вертипорттарды Алатау, Алматы және Алматы облысының басқа қалаларында салу жоспарланған. Қазір жоба жобалау кезеңінде, сынақ орталығының орны таңдалып жатыр. 2026 жылдың ішінде сынақ рейстері басталады.
Ал коммерциялық рейстер аппараттар АҚШ авиациялық әкімшілігінен сертификат алып, оны Қазақстанның авиациялық әкімшілігі растағаннан кейін іске қосылады.
«Аэротакси – Алатау, Алматы және облыстың өзге қалалары арасында жылдам қатынасты қамтамасыз ететін инновациялық көлік түрі болады. Ұшу құны туралы нақты ақпарат сертификат сынақтары аяқталып, коммерциялық пайдалануға дайындық біткен соң жарияланады», – деп қосты әкімдікте.
2025 жылдың қазан айында Кореяда өткен форумда Көлік министрлігі жаңа қаладан аэротакси жобасын таныстырған болатын.
Жобамен 2025 жылдың наурызында құрылған Alatau Advance Air Group компаниясы айналысады. Компания Caspian Integrity арқылы кәсіпкер, бұрынғы сенатор Юрий Цхайға тиесілі. Ол – Alatau City идеясын ұсынушылардың және инвесторлардың бірі.
Қараша айында АҚШ-та Қазақстанның жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, Joby Aero, Inc., Alatau Advance Air Group Ltd. және кәсіпкер Вячеслав Ким меморандумға қол қойды. Құжат шамамен 300 млн доллар сомасына eVTOL аппараттарын сатып алуды көздейді.
Joby Aviation – венчурлік капитал есебінен қаржыландырылатын америкалық авиациялық компания. Ол eVTOL аппараттарын Airbus, Boeing, Embraer, Honda, Hyundai және Toyota секілді авиация және өнеркәсіп алыптарымен қатар өндіреді.