
Кейінгі жылдары білім саласында, оның ішінде мектепте бір мәселе пайда болды. Кейбір мұғалімдер өз шәкірттеріне ақылы қосымша сабақ бере бастады. Мұны бір қарағанда мұғалімнің интеллектуалдық білімі үшін ақы алуы деп те қабылдауға болар еді… Десе де, KursivMedia тілшісімен тілдескен ата-аналар мұны ешқандай қалыпты жағдай деп санамайды. Білім ордаларында бұл әңгіме қайдан шыққанын және оны қалай реттеуге болатынын портал тілшісі арнайы зерттеп көрді.
«Баламды қосымша сабаққа беруге мәжбүр болдым»
Астаналық Азамат есімді тұрғынның баласы бастауыш сыныпта оқиды. Ол мұғалімдер оқушыларына сабақтан тыс уақытта ақылы түрде қосымша сабақ беруіне қарсы. Жұмыс уақыты аяқталған соң мұғалім тегін оқытуға міндетті емес екенін түсінеді, дегенмен, мұндай қызмет мектеп қабырғасынан тыс жерде жүргізілуі керек деп санайды.
«Кей жағдайда ақылы оқитын оқушылар көтермеленіп, қосымшаға қатыспайтын балалардың білім сапасы екінші орынға ысырылып қалатыны да жасырын емес. Баға қоятын кезде мұғалім балаларды бөліп-жармай, бәріне бірдей әділ болса деймін. Мысалы, мен әке ретінде қызымды ақылы қосымша сабаққа беруге мәжбүр болдым. Қызым басқа мектептен ауысып келгендіктен, бастапқыда жаңа ортаға бейімделуі қиын болды. Мұндай кезде мұғалім баланы қолдап, ортаға қосып, көмектесуі керек еді. Алайда керісінше, «оқу үлгерімі төмен» деген тұжырым жасап, үнемі төмен баға қоя берді», – дейді ол.
Азамат мұғалімнің өзімен сөйлесіп, ата-ана ретінде не істей алатынын сұрап, амал іздепті. Үйінде баланың білімін барынша қадағалап отыруға да тырысқан. Бірақ қанша дайындалып барса да, баласы оқу үлгерімі нашар балалардың қатарында қала берген.
«Ақыры мұғалімнен ақылы қосымша сабақ бар-жоғын сұрауға мәжбүр болдық. Мұғалім бірден келісті. Бағасы 40 мың теңге екенін айтты. Содан кейін амалсыздан баламызды қосымша сабаққа бердік. Егер бермесек, бағасын төмендетеді деген қауіп болды», – дейді ол.
Алматылық тұрғын Үмітжан ақылы қосымшалар үшін мектептің өзіне ақы төлейтінін айтады. Ол үшін мектеппен келісімшарт жасалып, төлем тікелей білім ордасының есепшотына аударылады.
«Ал үлкен ұлым оқыған кезде жағдай басқаша болды. Ол кезде ақыны тікелей мұғалімнің өзіне төлейтінбіз. Баламды төрт жыл бойы қосымша сабаққа бердім, алайда айтарлықтай нәтиже болмады. Бұрын мұғалімге айына 15-25 мың теңге аралығында төлеп отырғанбыз. Кейін мектеппен жасалған келісімшарт негізінде айына 20 мың теңге төледік», – дейді ол.
Министр мәселені арнайы заңмен шешу керек деп есептейді
Ата-аналар мектептегі қосымша сабақтың қымбат екеніне шағымданып жатқан тұста KursivMedia тілшісі Қазақстанның Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменоваға осы сұрақты қойды. Министр бұл мәселе расында да өзекті екенін айтып, оның заңнамалық тұрғыда реттелмегеніне назар аударды. Сонымен бірге заңмен бәрін шегелеп тастауға да асықпайтынын жеткізді. Қазір ұстаздар, кәсіби орта қауымымен мәселені реттеу жолы қарастырылып жатқанын қосты.

«Бұл құқықтық реттеуді қажет ететін шаруа. Tesla Education оқиғасынан кейін заңнамалық тетіктерді күшейту бағытында үлкен жұмыстарды бастадық. Қосымша білім деген де репетиторлық нарық. Сол себепті біз заңнамалық тетіктерді күшейтеміз. Сағат саны мен төленетін салық қанша болуы керек деген мәселенің бәрі ашық. Ата-аналар тарапынан келіп жатқан сұрақ өте көп. Сондықтан бәрін заңмен реттеу тастау қаншалықты қисынды екенін мұғалімдермен талқылауымыз керек. Бір жағынан, бұл – оның интеллектуалдық құқығы. Ал егер қосымша сабақты мектепте өткізсе, оның нақты салықтық, заңнамалық мәселелері реттелуі қажет деп санаймын», – деді ол.
Сүлейменованың айтуынша, мұғалім айлық алып отырса, жүктемесі аясында қосымша сабақ берсе, бұл мәселе реттеуді қажет етеді.
Жұлдыз Сүлейменованың осы сауалға берген жауабы видеоформатта да жарияланды. Қысқа бейнежазба өте қызу пікір туғызды.

Мұғалімдер қауымы «неге тегін қосымша сабақ беруіміз керек?» деген уәжбен өз наразылығын білдірсе, ата-аналар керісінше, қосымша сабаққа қатысу-қатыспаудың баласының білім сапасына тікелей әсер етіп отырғанын жасырмай айтады.
Сарапшы: кез келген мәселені бұйрықпен шешу – міндет емес
Kursiv.Media тілшісі осы мәселе төңірегінде білім саласының бірнеше сарапшысына хабарласып, пікірін сұрады. Сарапшылардың ішінде жауап беруге уақыт тапқан Hyperion School негізін қалаушы Нұрмұхамед Досыбаев әуелі жекеменшік мектептердегі тәжірибе әртүрлі екенін айтады. Онда барлық мәселені міндетті түрде заңмен, кодекспен немесе бұйрықпен реттеу шарт емес. Көп жағдайда азаматтық-құқықтық келісімшарттың өзі жеткілікті. Адамдар бір-бірімен келісіп жұмыс істеуге үйренуі керек деп есептейді.

«Өкінішке қарай, бізде құқықтық сауаттылықтың төмендігінен кез келген мәселені орталықтан берілетін бұйрық арқылы шешуге ұмтылу әдетке айналған. Ал, шын мәнінде, заңдардың өзі тараптардың өзара келісімге келуіне толық мүмкіндік береді. Келіссөз жүргізіледі, шарт жасалады, содан кейін барлық жұмыс қалыпты түрде жалғаса береді. Біз ашқан жеке меншік мектептің тәжірибесінде оқушыларға мұғалімдер тарапынан ақылы қосымша қызмет көрсетуге жол берілмейді. Неге десеңіз, мұғалім балаға білім берген кезде оның ниеті мен мақсаты бұзылмауы керек. Мұғалімнің қосымша табыс табу ойы ата-ананы оған тәуелді жағдайға итермелемеуі тиіс. Сондықтан мектеп пен мұғалім арасындағы келісімшартта мұғалімнің өз оқушыларына ақылы қызмет көрсетуіне тыйым салынған», – дейді Нұрмұхамед Досыбаев.
Сарапшы алайда бұл жағдай мұғалімге қосымша табыс табуға болмайды деген сөзді білдірмейтінін айтты. Сөзінше, егер басқа мектептерде мұндай шектеу қарастырылмаған болса, мұғалім ол жерде қосымша жұмыс істей алады. Мұның басты мақсаты – мектепте оқып жатқан баланың сапалы білім алуына кедергі келтірмеу. Мұғалім орталық аша ма, бизнес жасай ма, мың баланы оқыта ма – егер бұл оның негізгі жұмысына зиян келтірмесе, мектептің де, мемлекеттің де оған таласы болмауы керек. Бұл – мұғалімнің жеке шаруасы.
«Жемқорлыққа жол ашады»
Нұрмұхамед Досыбаев бұл түйткілге бір ғана тараптың емес, үш жақтың мүддесі тұрғысынан қарау қажет екенін айтады. Бірі – баласының тағдырына алаңдаған ата-ана мен оқушы (тұтынушы), екіншісі – еңбегі мен таңдау құқығы бар мұғалім. Үшіншісі – іс жүргізіп отырған жұмыс беруші. Сарапшының айтуынша, егер жеке мектептер бірінен соң бірі жабыла берсе, түбі тек мемлекеттік мектептер ғана қалуы ғажап емес.
«Ал мемлекеттік мектептерге келсек, ондағы басшыларға осындай келісімшарттық қатынастарды дұрыс жүргізуді үйрету қажет. Ол үшін мектептерде заңгер маманның штатын енгізу керек. Қазіргі типтік штаттық кестеде мектептерде заңгер қарастырылмаған. Бұл нонсенс. Тіпті сырттан аутсорсинг арқылы заңгер тартуға да мүмкіндік берілмеген. Білім саласындағы көптеген мәселе басшылардың құқықтық тұрғыдан жеткілікті деңгейде сауатты болмауынан туындайды. Мыңдаған регламент пен заңнаманы бір адамның толық білуі мүмкін емес. Кеше ғана әкімшілік қызметке келген мұғалім бір күнде барлық жауапкершілікті көтеріп кете алмайды. Ал процестер тоқтамайды: ата-анамен келісімшарт бар, мұғаліммен шарт бар, қызмет көрсетушілермен байланыс бар – бәрі үздіксіз жүріп жатады», – дейді ол.
Сарапшының пайымынша, бұл мәселеге министр ме, әлде өзге жауапты тұлға ма – бәрі де жүйелі түрде қарауға тиіс. Әр мәселе шыққан сайын министрге жүгіріп барып, бұйрық шығарта беру дұрыс емес. Ол мектептердің субъектілігін дамыту қажеттігін атап өтті. Егер әр мектеп дербес субъект ретінде қалыптасса, онда жұмыс істейтін директор да, мұғалім де жауапкершілігі бар тұлға болып, өз бетінше ойланып, шешім қабылдайтынын жеткізді. Ал жүйе мұндай шешімдерді қолдап, дұрыс бағытта сүйемелдеуі қажет.
«Осы тұрғыдан алғанда, менің жеке пікірім – мемлекеттік мектепте жұмыс істейтін мұғалімнің өз шәкірттеріне ақылы қызмет көрсетуі дұрыс емес. Бұл сыбайлас жемқорлық пен манипуляцияға жол ашуы мүмкін. Ал егер мұғалім сыртта, басқа мектептің оқушыларына сабақ беріп, тіпті миллионер болып кетсе де, ол мемлекеттің немесе мектептің шаруасы болмауы керек. Бизнес жасай ма – өз еркі», – дейді ол.
Kursiv.Media порталы бұл мәселені назарда ұстайды. Министр айтқандай, бұл жағдай арнайы бұйрық немесе заңмен шешіле ме, әлде мектеп әкімшіліктеріне ортақ ереже шыға ма – оны уақыт көрсетеді.