
Шымкентте кісі қолынан қаза тапқан 21 жастағы Нұрай Серікбайдың ағасы Сұлтан Серікбай күдіктіге қатысты айыптың өзгергені жөнінде пікір берді.
«11 қаңтар күні оқиға болған кезде «Адам өлтіру» бабымен іс қозғаған еді. Қазір «Аса қатыгездікпен адам өлтіру» бабына алмастырды. Бұл үшін дәлелдер, материалдар керек болды. Соның бәрін өткізгеннен соң, іс өзгерді. Бұған қоса «Некеге тұруға мәжбүрлеу» және «Сталкинг» бабымен іс тергеліп жатыр. Күдіктінің қанша жылға сотталатыны не сотталмайтынын сот шешеді. Бірақ біз өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын сұраймыз», – деді ол.
Сұлтан Серікбайдың айтуынша, бұл жәбірленуші тараптың бірінші мақсаты болған. Бұдан бөлек Нұрай Серікбайды еркінен тыс алып қашқанда істі тергеген тергеушінің әрекетіне құқықтық баға берілуі керек деп санайды. Дәл сол кезде прокуратураға да шағымданған. Бірақ «дәлелдемелер жеткіліксіз» деген желеумен өтініші қайтарылған.
«Күдікті көлігін үйдің алдына қойып, аңдығанда полицияға хабарластық. «Мүмкін ол көлік сізге келмеген шығар, қайдан білесіз? Егер біз полиция жіберетін болсақ, олар сіздердің үстеріңізден арыз жазуы мүмкін» деп қоя салды. Прокуратураға «некеге мәжбүрлеумен» қоса полицияның осы әрекеті жөнінде шағымданған едік. Уақытты созып, жауап бермей немқұрайлы қарады», – деді Сұлтан Серікбай.
Сұлтан Серікбай «Нұрай Серікбай күдіктімен некелесуге өз еркімен барды» деген мәлімдемесіне де пікір білдірді. Айтуынша, сол күні полицияға арыз түсірген. Сараптама тағайындауды сұраған.
«Видеоны салғанда жүрегіміз қысылды. Біз бұл видеоның бар екенін білдік. Бірақ соншалықты Нұрайға қиын, ауыр болғанын білмедік. Видеода әрең, ептеп сөйлеп жатқан кезде бізді ішке кіргізбеген еді. Бөлмеде бірнеше ер кісі болған. Мұның бәрін Нұрай үйге келгенде бізге айтып берген. Бұған қатысты да тергеушінің жауап бергенін сұраймыз», – деді ол.
Айта кетейік, 11 қаңтарда 21 жастағы Нұрай Серікбайды танысы бірнеше жерінен пышақтап өлтіріп, қашып кеткен еді. Ол 2 күннен кейін ұсталған болатын. Ал адвокаты қылмыстық іске қатысты ақпаратпен бөліскен.