Қазақстанда 4,5 мың адам ағзасын ауыстыруға кезекте тұр

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Фото: kursiv.media архиві

Қазақстанда донорлық ағза кезегінде 4 506 адам тұр, оның ішінде балалар да бар. Ведомство мәліметінше, 2025 жылы донорлық ағза тапшылығы салдарынан 342 науқас өз кезегі келгенге дейін бақилық болған. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Донорға сұраныс көп, бірақ келісім беретіндер аз

Бір жыл ішінде 18 донорлық процесс тіркеліп, 184 ықтимал донор анықталды. Осының арқасында 68 пациенттің өмірі сақталды.

«Бүгінгі таңда күту парағында балаларды қосқанда 4506 пациент бар. Тек 2025 жылы донорлық ағзалардың болмауына байланысты 342 адам трансплантаттауды күте алмай, көз жұмды», делінген хабарламада.

Ведомствода атап өткендей, донорлық жүйе жұмыс істейді, алайда көптеген отбасылар қайтыс болған жақындарының органдарын беруге келісе бермейді.

Кадрлық саясат

2025 жылы осы саладағы кадрларды дайындау бойынша жұмыс күшейді. 168-ден астам маман трансплантаттауды үйлестіру бойынша сертификаттау курсынан, ал 42 дәрігер шетелде оқудан өтті.

«Медициналық көмек стандарттары жаңартылды, заңнаманы өзгертуге қатысты ұсыныстар дайындалды», деп түсіндірді ДСМ баспасөз қызметі.

Айта кететін жайт, 134 мыңға жуық қазақстандық қайтыс болғаннан кейін ағза доноры болу туралы шешім қабылдаған. 

Сондай-ақ оқыңыз