Ресейдің «Татнефть» компаниясы Қазақстандағы ірі жобадан шықты

Ресейдің «Татнефть» компаниясы «Бутадиен» жобасындағы 75 пайыздық үлесінен шығып, серіктестер құрамынан кетті. Бұл туралы PetroCouncil Telegram-арнасы жазады.
Шамамен 1 млрд долларды құрайтын «Бутадиен» жобасы Атырау облысында бутадиен және оның негізіндегі өнімдер өндіретін мұнай-химия кешенін салуды көздеген.
Кешенге қажетті шикізат Теңіз кен орнынан жеткізілуі тиіс еді. Жоба жоғары қосылған құны бар мұнай-химия өндірісін дамытудағы негізгі бастамалардың бірі ретінде қарастырылған.
Бұған дейін, өткен жылдың желтоқсанында ЕРС-мердігерді анықтау жоспарланып, жоба белсенді кезеңге өтеді деп күтілген. Алайда негізгі стратегиялық серіктестің шығуы жобаның мерзімі мен жүзеге асу форматына әсер етуі мүмкін екені айтылуда.
eGov деректері бойынша, «Татнефть» 29 қаңтарға дейін «Бутадиеннің» негізгі иесі болған. Ал 30 қаңтарда қатысушылар құрамы өзгеріп, компанияның орнына «SSAP» ЖШС кірген.
Степногорск қаласында орналасқан SSAP компаниясының ортақ иелері — Samruk-Kazyna Ondeu мен «Қазатомөнеркәсіп» («Самұрық-Қазынаның» еншілес компаниясы).
Осылайша, қазір «Бутадиеннің» тең құрылтайшылары SSAP пен Samruk-Kazyna Ondeu болып отыр. Ал Samruk-Kazyna Ondeu компаниясының жалғыз иесі — «Самұрық-Қазына» қоры.
2023 жылы Samruk-Kazyna Ondeu өз үлесін «Татнефтьке» сенімгерлік басқаруға берген болатын. Соның нәтижесінде ресейлік компания кәсіпорынды толық басқарса, Samruk-Kazyna Ondeu бұл үлесті бірлескен кәсіпорындағы инвестиция ретінде есепке алған.
Жобаның жалпы құны шамамен 1 млрд долларды құрайды. Болашақ зауыт жыл сайын резеңке-техникалық өнеркәсіп пен шина өндірісіне қажет 60 мың тонна дивинилстирол синтетикалық каучугін, жол жабындары мен пластик өндірісіне қолданылатын 40 мың тонна стирол-бутадиен-стирол каучугін, сондай-ақ жоғары октанды бензинге арналған 40 мың тонна метил-трет-бутил эфирін өндіруді жоспарлаған.
2025 жылдың желтоқсанында Ұлырибания «Татнефтьке» санкция салған болатын.