Шығын – 9 млрд теңге: Талдықорғанда қылмыстық топ мүшелері сотталды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
1 385 көлік заңсыз есепке қойылған/фото: kursiv.media

Талдықорған сотында ұйымдасқан қылмыстық топтың 21 мүшесіне үкім шықты. Олар – Алматы облысы мен Жетісу облысындағы арнайы ХҚКО-лар мен әкімшілік полиция басқармасының бұрынғы қызметкерлері. Бұл туралы 24KZ хабарлады.

Олар бірнеше жыл бойы елге әкелінген жүк көліктерін заңдастырумен айналысқан. Ақпараттық жүйеге бастапқы тіркеу алымы төленгені туралы жалған мәліметтер енгізіп отырған.

Салдарынан 1 385 көлік заңсыз есепке қойылған. Мемлекетке келген шығын 9 млрд теңгеден асты.

«Алматы облысы Қарасай ауданына 5 млрд 600 млн теңге шығын келді, ал Жетісу облысы Сарқан ауданы бойынша шығын 3 млрд 787 млн теңгені құрады. Сотталушыларға 2 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», – деді Жетісу облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Бақыт Ермаханов.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Бұған дейін Астанада Түркия азаматтарына еңбек визаларын заңсыз ресімдеген ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелеріне үкім шықты.

Сондай-ақ оқыңыз