
Баку әскери соты Таулы Қарабақ республикасының бұрынғы президенті Араик Арутюнянды өмірлік түрме жазасына кесті. Бұл туралы APA әзербайжан ақпарат агенттігі хабарлайды.
Арутюнян 2020-2023 жылдар аралығында осы республиканың президенті қызметін атқарған. Бұған дейін прокуратура оған өмірлік түрме жазасын тағайындауды ұсынған.
Әзербайжан билігі экс-президентті бейбітшілік пен адамзатқа қарсы, сонымен бірге әскери қылмыстар жасады деп айыптап отыр.
Баку әскери соты Қарабақта жоғары қызметтер атқарған бірнеше шенеунікке дәл осындай ауыр жаға тағайындады. Олардың арасында қорғаныс министрі болған Левон Мнацаканян, парламенттің экс-спикері Давид Ишханян, Қарабақтағы армян күштерінің қолбасшыларының бірі Давид Манукян және бұрынғы СІМ басшысы Давид Бабаян бар. Бұрынғы шенеуніктердің ешқайсысы тағылған айыптарды мойындамады.
Олардың бәрі 2023 жылдың аяғында Әзербайжанның Қарабақтағы әскери операциясынан кейін ұсталған.