Жаңалықтар

Теңгенің мәртебесін Конституцияда бекіту ұсынылды

Мұны Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның отырысында айтты/фото: Делия Айдаралиева

Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров ұлттық валютаның мәртебесін Конституцияда бекітуді ұсынып отыр. Оның сөзінше, бұл елдің экономикалық дербестік қағидатын айқындауға мүмкіндік береді.

«Теңгенің институционалдық маңызын Ата заң деңгейінде нақтылап, қаржы-валюта айналымы саласындағы мемлекеттік саясаттың сабақтастығын қамтамасыз етеді. Ұзақ мерзімді перспективада қаржылық және макроэкономикалық тұрақтылықтың құқықтық негіздерін нығайтады. Осы мәселені Ата заңда бекіту арқылы оны түбегейлі шешіп, болашақта әртүрлі алып-қашпа пікір мен алыпсатарлық әңгімелердің алдын алар едік», – деді депутат Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның отырысында.

Қазір «теңге» мәртебесі заңмен реттелген.

«Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі туралы» заңға сәйкес ұлттық валюта – теңге. Алайда әлемдік қаржы жүйесі өзгеріп жатқан жағдайда бұл мәселені Конституция деңгейінде нақтылау аса маңызды деп ойлаймын», – деді Қожаназаров.

Айта кетейік, комиссия отырысында мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Ата заң жобасы алғаш рет мемлекеттік тілде жазылғанын айтты.