
Америкалық Washington Post газеті бірден бірнеше бөлімде штат саны қысқаратынын хабарлады. Әлемге әйгілі басылым спорт және жергілікті жаңалықтар бөлімдерінде еңбек ететін, сондай-ақ халықаралық тілшілерін жұмыстан шығарып жатыр. Бұл жөнінде ВВС ақпарат таратты.
Washington Post – АҚШ-тағы ең көне әрі жетекші басылымдардың бірі. Оны 2013 жылы Amazon компаниясының негізін қалаушы, миллиардер Джефф Безос сатып алған. 2017 жылдан бастап, Дональд Трамптың президенттік қызметінің басында, газет Democracy Dies in Darkness («Демократия қараңғылықта өледі») деген ұранмен шыға бастады. Газеттің атқарушы редакторы Мэтт Мюррей бұл жаңалық өзіне ауыр тигенін жазды.
«Бұл – қиын шешім. Егер аман қалып қана қоймай, дамуды ойласақ, журналистикамыз бен бизнес-моделімізді қайта форматтап, жаңа амбицияларымызды оятуымыз керек», – деп жазды Мюррей 4 ақпан күні қызметкерлерге жолдаған үндеуінде.
Алайда басылым қызметкерлері мен кейбір бұрынғы басшылары бұл шешімді қатаң сынға алған. 2021 жылға дейін газет бас редакторы болған Марти Барон болып жатқан жағдайды «ең қаралы күндердің бірі» деп атады.
Қысқартулардың себебін түсіндірген Мюррей кейінгі үш жылда жасанды интеллект қарқынды дамып, басылымның интернет-трафигі күрт төмендегенін айтқан. Қысқартулар жарияланар алдында шетелдегі тілшілер мен жергілікті репортерлер Безосқа жұмыс орындарын сақтап қалу туралы өтініш білдірген. Сәрсенбі, 4 ақпан күні жұмыстан босатылған журналистер әлеуметтік желілерде пікір жаза бастаған. Олар халықаралық тақырыптарды қамту бөлімінің қысқаруына наразылықтарын білдірген.
Қысқартуға енетін қызметкерлердің нақты саны ресми түрде жарияланған жоқ. New York Times басылымының мәліметінше, Washington Post штаты шамамен 30 пайыз қызметкерімен қоштасады. Оның ішінде коммерциялық бөлімдер де бар. NYT жазуынша, шамамен 800 журналистің 300-ден астамы жұмыстан кетеді.
Газет 2024 жылғы АҚШ президенттік сайлауы қарсаңында ешбір кандидатты қолдамайтынын жариялағаннан кейін, он мыңдаған жазылушысын жоғалтты. Бұл шешімді басылым иесі Джефф Безос қабылдаған.