
Трансұлттық қылмыстық топтар Фиджидің географиялық орналасуын пайдаланып, Оңтүстік-Шығыс Азия мен Латын Америкасынан жеткізілген есірткіні халықаралық нарықтарға тасымалдау үшін елді транзиттік аймаққа айналдырған. Бұл туралы Washington Post басылымы жазды.
Транзит ретінде келген метамфетамин Фиджидің өзіне де кеңінен таралып, қоғамға ауыр зардап әкелген. Су мен электр жарығы жоқ заңсыз қоныстарда есірткі ашық сатылып, жасөспірімдер мен тіпті балалар тәуелділік құрбанына айналып жатыр.
Мәселен, Сува қаласындағы бір қоныста метамфетамин аптасына бір рет жеткізіліп отырған. Ақ түсті кристалл зат шағын қапшықтарға бөлініп, әрқайсысы шамамен 22 долларға сатылған. Қауымдастық қызметкерлерінің айтуынша, онда 10 жастағы балалардың да есірткі қолданғаны тіркелген.
Мәселені күрделендірген тағы бір жайт – Фиджиде метамфетаминді көбіне ине арқылы қолдану кең таралған. Бұл жағдай ортақ инені пайдалану мен қауіпсіз жыныстық қатынас ережелерінің сақталмауына әкеліп, ВИЧ індетінің жаппай таралуына себеп болды.
Туристік жұмақ ретінде танылған Фиджи бүгінде ВИЧ жұқтыру қарқыны ең жоғары елдердің біріне айналып отыр. 2024 жылы елде 1 583 жаңа жағдай тіркелсе, бұл көрсеткіш биыл 3 мыңнан асуы мүмкін. Сарапшылар нақты жұқтырғандар саны бұдан да жоғары екенін айтады.
Жаңа жағдайлардың басым бөлігі жастар арасында тіркеліп, есірткі қолдану ВИЧ індетінің негізгі қозғаушы факторына айналған.