Жаңалықтар

Ең бай бизнесмендердің біріне тиесілі әуе компаниясы акционерін «ауыстырды»

Компанияның түпкі иесі ауыспаған / Коллаж: kursiv.media. бильд-редактор Ахтам Зиперов

Жеке бизнес рейстерді ұйымдастырып, тікұшақтарды жалға беретін «Евро-Азия Эйр» компаниясы акционерлерінің құрамы өзгерді. Бұл туралы қаржы есептілігі депозитарийіне хабарлама жіберген.

Жаңартылған мәліметке сәйкес, әуе компаниясының дауыс беруші акцияларының 10 және одан да көп пайызын иеленетін акционерлер құрамына «Air Tengri» акционерлік қоғамы енгізілді.

Сонымен қатар акционерлер құрамынан «Sky Logistics Services» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі шықты.

Алайда kompra.kz дерегіне сәйкес, мекеме қызметін тоқтатып, қайта құрылған. Sky Logistics Services әуе компаниясы акционерлері құрамынан шыққанымен, жоғарыда аталған Air Tengri акционерлік қоғамына иелік етеді.

Ал Sky Logistics Services компаниясының екі құрылтайшысы бар. Олар: Әсембек Талғат пен Нұрлан Қаныбеков.

Яғни әуе компаниясының акционері ауысқанымен, түпкі иесі өзгермеген.

Қаныбековтер отбасы Қазақстанның ең бай бизнесмендері рейтингінде 71-орынға жайғасқан. 2025 жылы бұл отбасының дәулеті 95 млн долларға бағаланды. Олар «Евро-Азия Эйр» компаниясын 2017 жылы 11,85 млрд теңгеге «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясынан сатып алған.

Қандай қызмет ұсынады

«Евро-Азия Эйр» – Қазақстанда теңіздегі бұрғылау қондырғыларына дейін ұшуға рұқсаты бар, International Oil and Gas Producers Association (IOGP) талаптарына сай келетін жалғыз әуе компаниясы.

Компания паркінде 6 Embraer Legacy 650 ұшағы және 2 Agusta Westland AW-139 тікұшағы бар.

«Евро-Азия Эйр» жолаушылар тасымалынан бөлек, санитарлық авиация және құтқару операцияларына қатысып, күрделі географиялық жағдайларда да рейс орындайды. Мысалы, Непалдағы Катманду және Швейцариядағы Самедан әуежайларына ұшады.