Қазақстанда алюминий дөңгелек дискілер шығаратын зауыт салынады

Қазақстанда алюминийден жасалған дөңгелек дискілер шығаратын алғашқы жоба іске қосылады. Бұл туралы Премьер-министрдің ресми сайты хабарлады.
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр АҚШ-тың Open Element және Оңтүстік Кореяның Hands Corporation компанияларының басшылығымен кездесу өткізіп, бірлескен кәсіпорын құру туралы меморандумға қол қойылды.
Жоба автомобиль өнеркәсібінде локализацияны тереңдетуге және импортқа тәуелділікті азайтуға бағытталған. Astana Motors компаниясының қатысуымен жүзеге асырылады.
Жүргізушілерге қандай пайда
Қазіргі таңда Қазақстандағы автокөлік иелерінің басым бөлігі алюминий дискілерді шетелден сатып алып, логистика мен кедендік алымдар үшін артық қаражат төлеуге мәжбүр. Жаңа зауыттың іске қосылуы бірқатар маңызды міндеттерді шешуге мүмкіндік береді:
- Қолжетімді баға. Өндірісті жергіліктендіру импорт пен тасымалдаудан бас тарту арқылы өнімнің өзіндік құнын төмендетеді.
- Әлемдік стандарттар. Hands Corporation компаниясының тәжірибесінің арқасында Қазақстанда дөңгелек дискілері жетекші автоөндірушілердің технологиялары бойынша шығарылатын болады.
- Сапа кепілдігі. Құюдан бастап бояуға дейінгі толық технологиялық цикл барлық кезеңде өнімнің сенімділігін қатаң бақылауды қамтамасыз етеді.
Еске салсақ, осыған дейін Geely Preface седаны мен Geely электрлі кроссоверін Қазақстанда құрастыру жоспарланып отырғаны жайлы жазған едік. Бұл модельдерге көлік құралының типін бекіту туралы рұқсатты «СарыарқаАвтоПром» зауыты рәсімдеді.