Қазақстанның қай өңірінде үй бағасы қымбаттап жатыр

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Фото: kursiv.media, Серікжан Қобланбаев

Жыл басында Қазақстанның көптеген қалаларында екінші нарықтағы тұрғын үй бағасы қымбаттап үлгерді. Елорданың өзінде баға осыған дейін тіркелген межеден асып, 1 шаршы метр үшін 600 000 теңгеге жетті.

Бір айда баға қалай өзгерді

Krisha.kz жүргізген мониторингке сәйкес, Қазақстан бойынша пәтер бағасы желтоқсанмен салыстырғанда орта есеппен 2%-ға қымбаттаған.

Қаңтар айындағы ең айқын өсім:

  • Астанада: +5,2%;
  • Көкшетауда: +3,2%;
  • Қарағанды мен Өскеменде: +3,0%;
  • Семейде: +2,8%.

Қалған қалаларда бағаның өсуі 1–2,6% аралығында болды.

Бағаның шамалы төмендеуі тек екі қалада тіркелді:

  • Алматыда: –0,1%;
  • Ақтөбеде: –0,4%.

Екінші нарықта бір шаршы метр қанша тұрады

Қаңтар айының қорытындысы бойынша, ел бойынша екінші тұрғын үй нарығында 1 шаршы метрдің орташа бағасы 419 126 теңгені құрады.

Ең қымбат қалалар:

  • Алматы: 804 695 теңге/шаршы м;
  • Астана: 601 740 теңге;
  • Шымкент: 490 000 теңге.

Ең арзан қалалар:

  • Қызылорда: 269 083 теңге/шаршы м;
  • Тараз: 321 653 теңге;
  • Ақтөбе: 324 013 теңге.

Бір жылда баға қалай өзгерді

2025 жылдың қаңтар айымен салыстырғанда, Қазақстанда екінші тұрғын үй нарығындағы орташа баға 9%-ға өсті.

Ең жоғары өсім Ақтау (+22,7%), Астана(+16,2%), Қостанай (+13,5%) қалаларында тіркелді. Шымкент пен Алматыда бір жыл ішінде баға 6–8% аралығында қымбаттады. Өкінішке қарай елдің бірде-бір қаласында бағаның төмендеуі тіркелмеді.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылы жаңа салынған тұрғын үйдегі пәтер бағасы ел бойынша орта есеппен 15,7%-ға өсті. Бұл үрдіс, әсіресе, ірі қалаларда айқын сезілді.

Сондай-ақ оқыңыз