
Отбасы банкінде ағымдағы шоттан қаражат аудару шарттары өзгерді. Енді ақшаны басқа банкке шығару кезінде комиссия аударым сомасының 0,95%-ына дейін жетуі мүмкін. Бұл, әсіресе, жылжымайтын мүлікпен жасалатын мәмілелерде маңызды. Бұл туралы Kursiv.media Қазақстан Подешевле» дерегіне сілтеме жасап хабарлайды.
Сарапшылар ақшаның қай шотқа түсетінін алдын ала нақтылап алуға кеңес береді, себебі дұрыс жоспарланбаған жағдайда тек комиссияның өзіне қомақты сома жоғалту қаупі бар.
Өзгерістердің мәні неде
Комиссия мөлшері қаражаттың қайда түсетініне байланысты:
- Егер сатып алушы ақшаны бірден басқа банктегі сіздің шотыңызға аударса, комиссия 0,3%, бірақ 10 000 теңгеден аспайды.
- Егер қаражат алдымен Отбасы банкіндегі ағымдағы шотқа түссе, оны алу кезінде комиссия алынбайды. Алайда кейін ақшаны басқа банкке аударсаңыз, комиссия соманың 0,95%-ын құрайды.
Пәтер сату кезінде неге маңызды
Ірі мәмілелер кезінде комиссия айырмашылығы едәуір болуы мүмкін.
Мысалы:
- 100 млн теңге аударылған жағдайда комиссия шамамен 950 000 теңгені құрайды.
Сондықтан жылжымайтын мүлік сатушыларға қаражат аудару тәсілін сатып алушымен алдын ала келісіп алу ұсынылады.
Қандай операцияларға комиссия қолданылады
Жаңа шарттар ағымдағы шоттан қаражат аудару, қарыздармен немесе жинақтау бағдарламаларымен байланысты емес қаражатты шешіп алу сияқты операциялар кезінде қолданылады.
Ал тұрғын үй қарыздары мен жинақтарға қатысты операциялар үшін бөлек шарттар қарастырылған.
Айта кетейік, Отбасы банк мемлекеттік тұрғын үйге кезегінде тұрған азаматтардың тізімін жаңартты. Меншігінде тұрғын үй болғандықтан, кейбір азаматтар кезектен уақытша шығарылды.