
Әлемге танымал қазақстандық әнші Димаш Құдайберген Voice Beyond Horizon шоуының алғашқы эпизодында өзінің жаңа авторлық әнін таныстырды. «Fire» атты жаңа композиция тыңдармандарға ерекше форматта ұсынылып, бірден қаралым жинап үлгерді.
Жаңа туынды ағылшын және қытай тілдерінде орындалып қана қоймай, қазақ тіліндегі аса жылдам ырғақтағы рэп элементтерімен де ерекшеленді.
Шоудағы түрлі жанрлар тоғысы
Бағдарлама барысында қатысушылар түрлі жанрдағы шығармаларды орындады. Шоуда заманауи әуездегі опералық вокалдан бастап, Қытайдың биік таулы аймақтарына тән ұлттық әуендер, нәзік махаббат әндері және қырғыз тіліндегі битбокс элементтері бар композициялар ұсынылды.
Қазақстан атынан кім өнер көрсетті
Қазақстан намысын қорғаған Нұржас Садырбаев Димаш Құдайбергеннің авторлығымен жазылған «Самал» әнін қазақ тілінде орындап, көрерменнің ерекше ықыласына бөленді. Шоудың алғашқы эпизоды тарихи Түркістан қаласында түсіріліп, оған алты елден келген сегіз өнерпаз қатысты.

Алғашқы эпизод жеңімпаздары анықталды
Бағдарлама соңында музыкалық сарапшылар Лэй Цзя мен Димаш Құдайберген алғашқы байқау күнінің қорытындысын жариялап, үздік үш орындаушыны анықтады. Үшінші орын италиялық Джулия Фальконеға бұйырса, екінші орын қытайлық Цай Чэнъюйге берілді. Ал алғашқы эпизодтың жеңімпазы қазақстандық Нұржас Садырбаев болды.

Еске сала кетейік, бұған дейін Димаш Құдайберген жанкүйерлеріне ерекше челлендж жариялаған еді. Байқаудың ережелерімен келесі сілтеме арқылы толық танысуға болады.