Ауа райына байланысты Астана әуежайында ұшақтар кешігіп жатыр

Астанада ауа райына байланысты ұшақтар кешігіп жатыр. Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы ауа райына байланысты рейстер уақыты өзгеруі мүмкін екенін ескертті.
«Алдағы күндері өңірлерде ауа райы бұзылады. Қар жауып, көктайғақ болады, тұман түсіп, қатты жел соғады деп болжанған. Ауа райына байланысты Астананың халықаралық әуежайы рейстер уақыты өзгеруі мүмкін екенін ескертеді», – делінген ақпаратта.
Бүгін 79 ұшақ елордадан ұшып шығып, 78 рейс келіп қонады деп жоспарланған. Қазірге дейін ұшып келуге тиіс болған 10 рейс кешігіп жатыр. Астанадан ұшып шығуы керек болған екі рейс уақыты өзгерді. Бұл өзгерістерге ауа райы себеп болып отыр.
Соған байланысты әуежай жолаушылардан рейс статусын бақылап отыруды сұрады.
Айта кетейік, Жамбыл облысында қатты жел үйлердің шатырын ұшырып әкетті. Жаңатас қаласында 6 ақпанда желдің екпіні 32 м/с-қа дейін жеткен.