
Қазақстандағы ең қалалардың бірі – Екібастұз тұрғындары ауа сапасының нашарлығына шағымданды. Жергілікті экология инспекторлары көмір өндірушілерге айыппұл салды. Олардың арасында Forbes тізіміндегі байларға тиесілі кәсіпорындар бар.
Миллионер кәсіпорындары әкімшілік жауапқа тартылды
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов бейсенбі, 5 ақпанда Екібастұздағы көмір кеніштерін аралады. Өңір әкімдігі таратқан мәліметке қарағанда, содан кейін әкім экологиялық ахуал жан-жақты талқыланған жиналыс өткізген. Онда экология инспекторы Әсет Сыздықов өңірдегі көмір өндіруші кәсіпорындар жоспардан тыс тексерілгені жөнінде есеп берген.
«Тексеріс «ЕЭК» АҚ «Шығыс» кенішін, «Богатырь Көмір», «Ангренсор Энерго» және «Майкөбен-Вест» кәсіпорындарын қамтыды. Тексерістердің қорытындысы бойынша кәсіпорындар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 2,9 млн теңге айыппұл салынды және міндетті нұсқамалар берілді», – деп хабарлады Павлодар облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Дегенмен жергілікті билік 2025 жылы өңірдегі ластаушы заттар көлемі 670 мың тоннаға дейін төмендеп, алғаш рет белгіленген шектен төмен түскенін айтып отыр. Әкімдік оны ірі кәсіпорындардың өндіріс жабдықтарын жаңалауымен байланыстырды.
«Тұрғындардан ауаның ластануына қатысты шағымдардың көптеп түсуі – бұл әрекет етуге тікелей белгі. Мәселені түсіндірмей, шешу қажет», – деген Байханов.
Әкімдік экология талаптарын қайтадан бұзған кәсіпорын басшылығы жауапқа тартылатынын қатаң ескерткен.
Кімдерге айыппұл салынды
Павлодардың бас экология инспекторының есебінде айтылған «Богатырь Көмір» Ресейдің «РУСАЛ» холдингі мен Қазақстанның «Самұрық-Энерго» компаниясына тиесілі. Қаңтардың аяғында өндірісте бір жұмысшы қаза тапқан.
«РУСАЛ»-дың негізін қалаған ресейлік миллиардер Олег Дерипасканың дәулеті – 4,1 млрд доллар. «Самұрық-Энерго», «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорына қарайды. «Богатырь Көмір» республикадағы көмірдің шамамен 40%-ын беретін ірі өндіріс. Көмірдің көп бөлігі Ресейге экспортталады.
Ал «Майкөбен-Вест» кәсіпорыны Forbes тізіміндегі миллиардер Тимур Құлыбаев пен Шынар Елемесоваға тиесілі. Компания 2024 жылы 1,17 млрд теңге таза пайда тапқан. Дегенмен акционерлер дивиденд алмау жөнінде шешім қабылдаған.
«Еуразия энергетика корпорациясына» Еуразиялық топ (ERG) иелік етеді. Корпорация құрамына Павлодарда «Шығыс» көмір кені мен Ақсу электр станциясы кіреді. ERG (Eurasian Resources Group) холдингінің бірнеше қожайыны бар: 40%-ы Қазақстан үкіметіне; 20,7%-ы Ибрагимовтер отбасына (Шухрат Ибрагимов), тағы 20,7%-ы Александр Машкевич мұрагерлеріне, ал 18,6%-ы Патох Шодиевке тиесілі.