Италиядағы қысқы Олимпиаданың ашылуын қайдан көруге болады

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Ашылу салтанатын тікелей эфирде көруге болады/фото: gov.kz

XXV қысқы Олимпиада ойындары биыл Италияның Милан қаласында өтеді. 6 ақпанда «Сан-Сиро» стадионында ойындардың салтанатты ашылуы өтеді деп жоспарланған. Іс-шара Астана уақытымен сағат 23:55-те басталады.

Туризм және спорт министрлігінің хабарлауынша, кешті еліміздің 4 телеарнасы – Qazaqstan, Qazsport, «Хабар» және Jibek Joly тікелей эфирде көрсетеді.

Ұлттық құрамалар шеруінде мемлекеттік туды Денис Никиша (шорт-трек) мен Аяулым Әмренова (фристайл-могул) ұстап шығады.

Бір қызығы ашылу рәсімі 4 локацияда қатар өтеді. Денис Милан қаласында, ал Аяулым шаңғы жарыстары өтетін Ливиньо коммунасындағы рәсімде болады.

Салтанатты кештің тақырыбы – Armonia. Итальян тілінен аударғанда «гармония», «үйлесім» дегенді білдіреді.

Сондай-ақ биыл Олимпиада алауы алғаш рет 2 тұста тұтанады. Олар: Миландағы салтанат қақпасы мен Кортина-д’Ампеццодағы Пьяцца Ди-бона алаңы.

Айта кетейік, Милан-Кортина Олимпиадасында ел намысын 10 дисциплинада 36 спортшы (18 ер, 18 әйел) қорғайды. Жалпы ойындарға 93 мемлекеттен 3 мыңға жуық атлет қатысады. Олар 16 бағдарламада 116 медаль жиынтығын сарапқа салады.

Олимпиада 22 ақпанда мәресіне жетеді. Ұлттық құрама спортшылары қатысатын барлық сайысты Qazaqstan, Qazsport, «Хабар» және Jibek Joly тікелей эфирде көрсетеді.

Қысқы Олимпиада ойындарына қатысатын Қазақстан құрамасының жарыс күнтізбесін мына жерден көруге болады.

Сондай-ақ оқыңыз