
Қазақстанда отандық брендті қолдауға бағытталған жаңа ереже ұсынылды. Жобаға сәйкес, кәсіпкерлер сауда орындарын жалдауда үш айлық жеңілдік алып, жалдау бағасы бір жыл бойы өзгеріссіз қалуы мүмкін.
Сауда және интеграция министрлігі әзірлеген бұйрық жобасына сәйкес, егер сауда орталығы немесе сауда үйі мемлекеттік қолдау алса, онда олар бірқатар шарттарды орындауға міндеттеледі. Ең бастысы – қазақстандық брендтерге арналған сауда орындарының жалдау құнын келісімшарттан кейін бір жыл бойы көтеруге болмайды.
Сонымен қатар сауда нысандары қазақстандық тауар өндірушілер тізіліміне енген жаңа брендтерге сөре немесе сауда алаңын кемінде үш ай мерзімге жеңілдетілген шартпен ұсынуға тиіс. Ол үшін кәсіпкер жазбаша өтінім беруі қажет.
Тағы бір талап, егер сауда орталығы айналым қаражатын толықтыру үшін қаржы алса, онда тауар, шикізат, материал және сауда жабдықтарын осы тізілімге кірген қазақстандық кәсіпкерлерден сатып алуға міндеттеледі.
Құжат «Ашық НҚА» порталында жарияланып, 20 ақпанға дейін қоғамдық талқылауға ұсынылған.
Егер жоба қабылданса, қазақстандық кәсіпкерлер үшін сауда орындарын жалдау шарттары жеңілдеп, баға бір жыл бойы тұрақты сақталады.
Бұған дейін Ұлттық экономика министрлігінің өкілі елдегі кәсіпкерлерді қолдауды көздейтін жаңа жобаларға 2025 жылы қаражат аз бөлінгенін қаржы тапшылығымен түсіндірген.