
9 ақпан күні қазақ поэзиясының Хантәңірі атанған Мұқағали Мақатаевтың туғанына 95 жыл толады. Ақиық ақынның мерейтойына орай Kursiv LifeStyle Қазақстанның әр өңірінде өтетін театрлық қойылымдар, поэтикалық-музыкалық кештер, концерттер мен көрмелерді назарға ұсынады.
Театр сахнасындағы қойылымдар
8 ақпан күні Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласындағы Хадиша Бөкеева атындағы қазақ драма театрында «Мұқағали – Нұрғиса» спектаклі көрерменге жол тартады. Қойылымда халық жадында сақталған ән-жырлардың туу тарихы, Мұқағали Мақатаев пен Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылық тандемі, өнер алыптарының тағдыры мен достығы сахналанады. Мұқағали мен Нұрғиса бірге 30-дан астам туынды жазып шығарды.
Сол күні Алматы қаласында, Пушкин көшесі, 63 мекенжайында орналасқан Алматы мемлекеттік қуыршақ театрында «Мен деп ойла» спектаклі қойылады.
9 ақпанда Шымкент қаласындағы Жұмат Шанин атындағы қалалық қазақ драма театрында «Мұқағали» монодрамасы сахналанады. Ал Талдықорған қаласындағы Бикен Римова атындағы драма театрда да «Мұқағали» атты моноспектакль көрермен назарына ұсынылады.
Астана мен Алматыдағы мәдени кештер
8 ақпан күні Астанадағы Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрында «Мұқағали ақын күнделігінен» атты поэтикалық-музыкалық қойылым өтеді.
Сондай-ақ елордада Қазақконцерт ұйымы Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдығына арналған «Қазағым-ай» атты әдеби-музыкалық кешке шақырады. Іс-шарада ақынның жүрекке жететін отты жырлары, әуезді әндер мен жанды орындаулар көрерменге ұсынылады.
Концерттер мен әдеби кештер
9 ақпан күні Ақтөбе қаласында Жұбанов атындағы филармонияда «Мұқағали – өлең емес, Мұқағали – сезім…» атты әдеби-музыкалық кеш өтеді.
Сол күні сағат 19:00-де Өнер орталығында Б. Оралұлы шығармашылық орталығы мен «Dauys» әншілер ұжымының қатысуымен өтетін МұқағалиLive концерті ұйымдастырылады. Кеште ақынның таңдаулы өлеңдеріне жазылған танымал әндер өзгеше форматта, жанды дауыста орындалады.
Фариза мен Мұқағали
Ақтау қаласындағы Жантөрин атындағы театрда «Фариза мен Мұқағали» атты лирикалық драма сахналанады. Қойылымда Мұқағали Мақатаев пен Фариза Оңғарсынованың рухани жақындығы, адал достығы мен адамгершілікке негізделген қарым-қатынасы көркем түрде бейнеленеді.
Телевизиялық көрсетілімдер
7 ақпан күні Qazaqstan арнасында сағат 21:20-да ақын өміріне арналған «Мұқағали» көркем фильмі эфирге шығады.
8 ақпан күні ұлттық арнада:
- 13:25 – М. Мақатаевтың 95 жылдығына арналған «Соғады жүрек» ән-жыр кеші;
- 15:30 – «Мұқағали» көркем фильмі көрсетіледі.
Мұражайдағы көрме
2026 жылдың 4 ақпанында ҚР Ұлттық орталық музейінде Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдығына арналған «Жырлайды жүрек» атты жылжымалы көрме ашылды. Көрме аясында Мақатаевтың келіні Бақытгүл Айдарова ақынның жеке күнделігін, қолданысында болған тұрмыстық бұйымдарын және өлеңдерінің түрлі тілдерге аударылған жинақтарын музей қорына салтанатты түрде табыс етті.
Сондай-ақ 6 ақпан күні ақынның туған ауылы Алматы облысындағы Райымбек ауданы Қарасаз ауылында «Жырлайды жүрек» атты поэтикалық-саз кеші өтті.
Еске сала кетейік, 2025 жылы 1-сәуір қазақтың ұлы композиторы Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығы аталып өтті.