Жаңалықтар

Нипах вирусы: Өзбекстан Үндістаннан тауар импорттауға шектеу енгізді

Бұл шара Нипах вирусының ел аумағына таралуына жол бермеу мақсатында қабылданды / Фото: shutterstock
Бұл шара Нипах вирусының ел аумағына таралуына жол бермеу мақсатында қабылданды / Фото: shutterstock

Өзбекстан Үндістаннан кейбір тауар түрлерін импорттауға уақытша шектеу енгізді. Бұл – бас мемлекеттік ветеринариялық инспекторының  шешімі.  

Kun.uz ақпаратына қарағанда, 2026 жылдың 29 қаңтарынан бастап Үндістан Республикасынан тірі жануарлар мен құстарды елге әкелуге уақытша шектеу енгізілді. Бұл шара Нипах вирусының ел аумағына таралуына жол бермеу мақсатында қабылданды.

Құжатқа сәйкес, Үндістанның бүкіл аумағынан тірі жануарлар мен құстарды импорттауға тыйым салынбақ. Сонымен қатар Батыс Бенгалия штатынан мемлекеттік ветеринариялық бақылауға жататын барлық тауар түрін әкелуге уақытша шектеу қойылды.

Құжатта Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымының және ашық дереккөздердің мәліметіне сүйеніп Батыс Бенгалия штатында Нипах вирусының таралуына байланысты күрделі эпидемиологиялық жағдай қалыптасқаны атап өтілген.

Жауапты ведомстволар бұл шаралар елдегі эпизоотиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету және халық денсаулығын қорғау мақсатында қабылданғанын мәлімдеді.

Айта кететін жайт, Алматы әуежайы әлемде тараған Нипах вирусына қарсы дайындалып жатыр.