
Ресей билігі әзілкеш Нұрлан Сабуровтың Ресей аумағына кіруіне тыйым салды. РИА Новости агенттігінің ақпаратынша, бұл туралы құқық қорғау органдарындағы дереккөз хабарлаған.
«Елге кіруге 50 жыл мерзімге тыйым салынды», – деді агенттікке сұхбат берген дереккөз.
Құқық қорғау органдарындағы тағы бір дереккөздің мәліметінше, мұндай шешім елдің ұлттық қауіпсіздігі мүддесі үшін қабылданған. Сондай-ақ ақпаратқа сәйкес, әзілкеш Ресейде тапқан табысын делдалдар арқылы заңдастыруға әрекет жасаған.
Бұдан бөлек, Сабуровтың Ресей аумағында 60 миллион рубльден асатын мүлкі бар екені хабарланды.
Осыған дейін Нұрлан Сабуровтың Мәскеудегі Шереметьево әуежайында ұсталғанын жазған едік. Ол кезде әртіс миграциялық заңнаманы бұзғаны үшін 5 мың рубль (шамамен 32 мың теңге) көлемінде айыппұл төлеуге тиіс болған.