Lifestyle

Спортшылар нәтижесін жақсарту үшін жыныс мүшесін үлкейтті деген күдікке ілікті

Фото: shutterstock

Трамплиннен секіруші спортшылар нәтижесін жақсарту мақсатында жыныс мүшесін үлкейткен болуы мүмкін.

Әлемдік допингке қарсы агенттік ақпарат расталса, арнайы тергеу бастайтынын мәлімдеді.

BBC хабарлауынша, қаңтар айында немістің Bild басылымы кейбір спортшылар мүшесінің көлемін үлкейту үшін гиалурон қышқылының инъекциясын қолданатынын жазған. Басылым мәліметінше, бұл зат допингке жатпайды және мүшені екі-үш сантиметрге дейін үлкейтуі мүмкін.

Бұл спортшылардың арнайы тапсырыспен тігілетін костюмінің өлшеміне әсер етеді. Трамплиннен секірушілердің киімі 3D-сканер арқылы жеке өлшеммен дайындалады және өлшеу кезінде дененің ең төменгі нүктесіне дейінгі арақашықтық ескеріледі.

Егер жыныс мүшесінің көлемі үлкейсе, сол нүкте төмен түсіп, костюмге қосымша мата ауданы қосылады. Журналистердің жазуынша, бұл аэродинамиканы жақсартып, спортшының ауада ұшу уақытын ұзартады.

 «Костюмдегі әр қосымша сантиметр маңызды. Егер костюмнің беткі ауданы 5 пайызға артса, спортшы одан да алысқа ұшады», – дейді Халықаралық шаңғы спорты және сноуборд федерациясының (FIS) жарыс директоры Сандро Пертиле.

Айта кететін жайт, қысқы Олимпиада-2026-да өнер көрсететін Қазақстан спортшыларының жарыс күнтізбесі жарияланды.