
2026 жылдың қаңтар айынан бастап Арсен Алагөзов Шымкент сыра зауытының бас директоры болып тағайындалды.
Tengrinews.kz ақпаратынша, бұл туралы Baiuly Capital холдингі хабарлаған.
Компанияның мәліметінше, кадрлық шешім кәсіпорынның басқару моделін жаңарту аясында қабылданған. Зауыттың негізін қалаушы Тұрсынғали Алагөзов кәсіпорынды басқаруды ұлына тапсырып, өндірісті дамыту мен ауқымды жаңғырту бағытын белгіледі.
Көктемде зауытта Sidel компаниясының банкіге құю желісі іске қосылады. Кәсіпорын сәуір айының соңына қарай сыраны қаңылтыр құтыға шығара бастайды деп күтіліп отыр. Ал жаз айларында заманауи шыны бөтелкеге құю желісі іске қосылып, өнім түрлері мен қаптама форматтары кеңейеді.
Сонымен қатар өндірістік қуатты арттыру жоспары бар. 2026 жылы табиғи ашыту процесіне арналған сыра жетілдірудің тоғыз жаңа ыдысын іске қосу жоспарланған. Бұл өндіріс көлемін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді.
Холдингтің мәліметінше, алдағы уақытта зауыттың қуаты жылына 260 млн литр сыра өндіруге дейін жетуі мүмкін. Даму кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, өндірісті жаңғырту, шығындарды оңтайландыру және экологиялық технологияларды енгізумен қатар жүргізіледі.
Айта кетейік, Шымкент сыра зауытын Тұрсынғали Алагөзов 2024 жылы шамамен 8 миллиард теңгеге сатып алған. Ол Шымкент сыра зауытына 40 млн доллар инвестиция салған.