Жаңалықтар

Үкіметке өкпелі: Shell Қазақстанға инвестиция құюды уақытша тоқтатады

Shell ағылшын компаниясы
фото: shutterstock

Жақында сотта жеңілген Shell ағылшын компаниясы Қазақстанның мұнай-газ саласына инвестиция құюды уақытша тоқтататынын мәлімдеді. Бұл туралы Bloomberg хабарлайды.

Shell компаниясының бас директоры Ваэль Саванның мәлімдеуінше, компания Қазақстанға инвестиция құюды уақытша тоқтатады. Өйткені Үкімет миллиардтаған доллар талап етіп сотқа жүгініп жатыр. Ағылшынның ірі мұнай компаниясы даудың қаншалықты ұзаққа баратынын анықтап білмейінше, қазақ экономикасына тиын салмайды.

Қазақстан Батыс елдерінің ірі мұнай компанияларының үстінен шағымданып, халықаралық төрешілерге жүгініп жүр. Жақында Қарашығанақ мұнай кенін игерушілер қазақ үкіметінен сотта жеңіліп қалған. Төреші оларға 4 млрд доллар төлеуді міндеттеуі мүмкін. Қазір Қашаған акционерлеріне қатысты дәл осыған ұқсас шағым қаралып жатыр. Бұл жолы үкімет 160 млрд доллар талап етіп отыр.

«Бұл, әлбетте, біздің Қазақстанға әрі қарай инвестиция құю ниетімізге кері әсер етеді. Осының арты неге әкеп соғатынын білмейінше, қаражат салуды тоқтата тұрамыз», – деп мәлімдеді Саван.

Дегенмен компания болашақта инвестиция құятын мүмкіндер жеткілікті екенін айтып отыр.

«Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» консорциумы акционерлерінің құрамында Shell (29,25%), Eni (29,25%), Chevron (18%), «Лукойл» (13,5%) және «ҚазМұнайГаз» (10%) бар. Оларға қатысты шағымды Лондондағы халықаралық төрелік соты 2026 жылғы қаңтардың аяғында шығарған. Батыс компаниялары сот шешіміне арыздана алады.