
Қазақстанда Toyota Alphard және басқа да оң жақ рөлді көліктерге жолаушы тасымалдауға шектеу қою жоспарлануда. Осындай көліктерге бұдан былай танымал такси сервистері арқылы қалааралық маршруттарға шығуына рұқсат етілмейді. Бұл туралы Kursiv.media Astana TV-ға сілтеме жасап хабарлайды.
Не үшін тыйым салынады
Жолаушылар көлігі және Ішкі істер министрлігі бірлесіп осындай шешімге келуді көздеп отыр. Бұл жол-көлік оқиғаларын алдын алуға бағытталған. Аталған мәселе AMANAT партиясы жанындағы жемқорлыққа қарсы республикалық кеңестің отырысында талқыланды.
Кеңес төрағасы Ерлан Саиров жолаушы тасымалында жол-көлік оқиғаларының өсуі алаңдаушылық тудырып отырғанын айтады.
«Негізгі міндет – азаматтардың өмірін қорғау. Алайда қабылданатын шаралар жүргізушілердің жаппай жұмыссыз қалуына әкеп соқпауы тиіс», – деді Саиров.
Автосарапшы, әрі қоғам қайраткері Еркебұлан Құлбасов «оң рөлді көліктер» мәселесі осыған дейін де жиі көтерілгенін атап өтті.
«Азаматтар тарапынан ұсыныстар түсе береді, сонымен қатар компромистік нұсқалар да бар. Ойланып қабылданған шешім табылып, барлық тарапты қанағаттандырады деп ойлаймын», – деді ол.
Агрегаторлардың реакциясы
Белгілі болғандай, такси агрегаторлары бұл бастаманы қолдауға дайын. Яндекс Go және inDrive сервистері оң рөлді көліктерді, соның ішінде Toyota Alphard пен техникалық тексеруден өтпеген көліктерді жұмысқа жібермеуге келісті.
Көлік вице‑министрі Максат Қалиақпаровтың айтуынша, осындай автокөліктердің бір бөлігі заңсыз жұмыс істеп келеді. Оның сөзінше, көліктердің жағдайын және жүргізушілердің өзін қадағалау талаптары күшейтіледі.
«Тіркелгеннен кейін көліктің техникалық тексеруі уақытылы жүргізілуі керек, ал жүргізушілер жылына екі рет медициналық тексеруден өтуі тиіс», – деді Қалиақпаров.
Сонымен қатар партия өкілдері такси көптеген қазақстандықтар үшін негізгі табыс көзі болып қалатынын атап өтті. Сондықтан соңғы шешімдер жүргізушілер мен жолаушылардың мүддесі ескеріліп қабылданатын болады.
Осыған дейін, Көлік министрлігі Автокөлік және көліктік бақылау комитеті Toyota Alphard көліктерінің неліктен жиі апатқа түсетін себебін атады. Бұған көліктің техникалық ақауы емес, заңсыз жолаушы тасымалымен айналысып жүрген иелерінің жылдамдықты тым арттыруы және рулі оң жақта болғандықтан, басып озудың қауіптілігі түрткі болып отыр. Халық арасында Toyota Alphard көлігі «кісі өлтіргіш мәшине» деп аталып жүр. Қазақстанның трассаларында көп апатқа түседі.