Алматыда көктемде жүргізушісіз такси қызметі іске қосылады

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Фото: shutterstock

Алматыда 1 мамырға дейін жүргізушісіз такси қызметі іске қосылады. Бастапқы кезеңде желіге 50 жүргізушісіз автокөлік шығарылады. Бұл туралы қалалық цифрландыру басқармасы басшысының орынбасары Мейрам Дүйсеков мәлімдеді.

«Ең ауқымды жобалардың бірі – жүргізушісіз көлік бойынша пилоттық бағдарламаны іске қосу. Yandex Kazakhstan компаниясымен бірлесіп, 2026 жылғы 1 мамырға дейін желіге 50 жүргізушісіз автокөлік шығару жоспарланып отыр», деді ол өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Спикер сондай-ақ қалада зияткерлік көлік жүйесі белсенді дамып жатқанын атап өтті. Қазіргі уақытта Алматының көлік холдингі қоғамдық көліктің қозғалысын диспетчерлеу мен бақылауды қамтамасыз етеді. Автобустар бейнекамералармен және GPS-трекерлермен жабдықталған, сондай-ақ ONAY қосымшасы арқылы бірыңғай электронды төлем жүйесі жұмыс істейді. Жақын арада төлемнің баламалы тәсілдерін, яғни банк карталары, сондай-ақ Apple Pay пен Samsung Pay сервистері арқылы төлеуді іске қосу жоспарлануда.

Айта кетейік, Алатау қаласынан Алматы мен облыстың өзге қалаларына аэротакси қатынайды. Төрт жолаушыға арналған Joby Aviation S4 аппараттары 2026 жылы сынақтан өтеді.

Сондай-ақ оқыңыз